Алматы облысында болған АН-28 ұшағы апатын тексеру мақсатында арнайы комиссия құрылды.
Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бүгін ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр басшылығымен комиссия мүшелері авиациялық оқиға орын алған жерге аттанды. Оқиғаның анық-қанығы жақын арада белгілі болады» делінген министрлік хабарламасында.
Әуе апатынан қаза тапқан марқұмдардың тізімі:
– әуе кемесінің командирі Геннадий Цой;
– екінші пилот – Евгений Кутафин;
– авиатехник – Бейшибек Ахматбаев,
– Акушерия, гинекология және перинаталогия ғылыми орталығының профессоры, дәрігер акушер-гинеколог Патсаев Талғат Анапиұлы
– Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының реаниматолог дәрігері Артықбаев Жәнібек Түкенұлы.
Еске салайық, 3 қазан күні Алматы-Шымкент бағытында санитарлық авиарейсін орындаған «АН-28» ұшағы сағат 18:47-де Алматыдан 28 шақырым қашықтықта радардан жоғалып кетті. Сосын сағат 19.15-те ұшақ Алматы облысы Іле ауданының Междуречинск ауылы маңында апатқа ұшырап, өртенгені хабарланды. Бортта болған 5 адам қаза болды.