Бұл туралы біраз айтып та, жазып та тастадық. Белгілісі,латынға көшеміз. Болашақта. Жақын болашақта. Қазіргі қарекетіміздің барлығы осы көшуге дайындық.
Дайындық дабырасыз болмайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне көшуге пәрмен берген тұста білгенбіз мұны. Күні кеше осы әліпбиіге қатысты жиын өткен. Ғалымдар қолданысқа ыңғайлы нұсқаны ұсынған. Бірден қабылданбайды, әрине. Алдымен, көптің пікірін сұрамақшы.
“Латын әліпбиін мектепке енгізу қалай, қандай жолмен жүзеге асады?”
дейді олар.
Айтайық.
Биыл бірінші сыныпқа барған буын латынға біржолата ауысатын 2025 жылы 8-ші сыныпқа көшеді екен. Олар әрі қарай қандай әліпбиде оқиды? Кириллицамен хат таныған олар, латынға ауысқанға бірден бейімделе ала ма?
Былай болмақ…
2020 жылдан бастап, еліміздегі білім саласында тұтастай жаңа әліпбиді кіріктірудің дайындығы басталады. Жаңа графиканы оқытудың жүйесі енгізіледі. Бірақ, бұл бәрібір де кириллицамен сауат ашқандардың мәселесін шешпесі анық.
Аталған сауалға өзінің бағдарламалық мақаласында Назарбаев былай деп жауап берген:
белгілі бір уақыт оқытуды екі әліпбиде – латыншада және кириллицада қатар жүргізетін боламыз.
Иә, солай болмақ. Түсінген де шығарсыз. Ескі әліпбимен білім алып келгендер жаңа латын графикасын қатар меңгеретін болады. Былайша айтқанда, оқуы өз алдына. Әліпби меңгеруі тағы бар.
Мәселе, бұл кезде қандай қиындықтар тууы мүмкін? Қашанғы қос әліпбиді қатар алып жүреміз? Өтпелі кезең қанша уақытқа созылады, сонда?
Билік:
“Өтпелі кезең, екі әліпбиді қатар оқыту мектептегі білім берудің толық циклынан аспайды” деп отыр.
Демек, 12 жыл…
Жаңа әліпбиді оқу бағдарламасына кіріктіру нақты қашан басталады, қанша уақытқа созылады?
Бұл да ата-аналарды алаңдатып отырған сауал.
Бағдарламалық мақаласында Назарбаев бұған қатысты нақты тапсырма берген, қателеспесек. Алдағы екі жылда әліпбидің ғылыми-әдістемелік базасын жасап шығаруды тапсырған.
Асықпауымыз керек, бірақ. Асығыстық – шалалық. Мұны да шегелеп айтқан. Жұмыс қазақ әліпбиін модернизациялау бағдарламасына сай жүйелі, жоспарлы түрде жүргізілуі керек.
Жаңа әліпби қабылданғаннан кейінгі екі жылғы аралықта әріптердің жазылуы мен сөздердің айтулы, грамматика, фонетика, терминология, ономастиканың негізгі бөлімдері анықталатын болады.
Бұдан сырт, әліпбиге қатысты нормативтік сөздіктер, оқу құралдары дайындалады. Дайындалып қана қоймай, ел арасында мыңдаған, он мыңдаған данамен тарайды.
Ұстаздар, оқытушылар құрамы толық дайындықтан өтеді. Латын әліпбиін бүге-шігесіне дейін білетін болады олар.
Әрине, айтуға оңай. Мұның бәрі қалай жүргізіледі? Қайда жүргізіледі?
Билік былай деп отыр:
“Семинар-тренингтер өткізу жүйесі құрылады, білім беру курстары жасақталады. Бұлар аймақтарды аралайды. Елдегі барлық ғылыми орталықтар мен ЖОО-лар атсалысады бұған. Әрине, өз қазанымызда өзіміз қайнамаймыз. Тәжірибелі халықаралық мамандарды да араластырамыз. Ең басты әрі ең қажетті дайындық кезеңінен өткесін ғана латын әліпбиін мектепке дейінгі әрбір мекемеге, әрбір мектепке, әрбір ЖОО-ға және елдегі барлық академиялық құрылымдарға кіріктіретін боламыз. Бас-көзі жоқ, кіріктіріле салмайды. Алдымен, аяқ алысын аңдимыз. Бұл мақсатта тәжірибелік пилоттық жобалар жасалады”.
Үкімет солай деп отыр. Сөз жүзінде солай. Іс жүзінде қалай боларын уақыт көрсетер…
Орта мектептерде жаңа қазақ әліпбиін оқыту қалай жүргізіледі осы? Нақты жоспары бар ма? Айталық, бастауыштан бастап, әрі қарай жалғастыра ма, әлде бірден барлық сыныптарға міндеттей ме? Сабақ оқу мен әліпби үйренудің аражігін қалай ашады?
Ата-аналар дұрыс айтып отыр. Орынды сауал. Өзекті. Шынымен, қалай қылмақ?
Үкіметтің айтуынша,
орта мектептерде латын әліпбиін оқыту бірінші сыныптан бастап, біртіндеп жүргізіледі. Осылайша, 12 жылдан кейін тұтас цикл аяқталады. Бір емес, елдегі барлық мектептерде латын әліпбиін оқыған буын тәрбиеленіп шығады.
Ал осы аралықта, былайша айтқанда, өткелдің ортасында қалған сыныптар қайтпек? Олар қайда барады?
Бұларда білім алу белгілі бір уақыт кирилица мен латын әліпбиінде қатар жүргізіледі. Бірақ, уақыт өте, латынша оқытудың сағаты, үлесі өсе түседі.
Тоқ етерін айтқанда, өтпелі кезеңде екі әліпбиді қатар қолданамыз. Билік бұған барлық жағдайды жасаймыз деп отыр. Білмегендер үйренеді, жаза алмағандар төселеді дейді шенділер.
Пәндерге қатысты түйткілдер де туындамауы керек. Қазақша оқытылған пәндер әрі қарай латынға көшеді.
Өзбек, ұйғыр, тәжік тіліндегі мектептер де латын әліпбиіне ауысуы тиіс пе?
Биліктің бұған берер жауабы анық. Қысқа да нұсқа.
“Латын әліпбиіне қазақ тілінде сабақ беретін барлық мектептер ауысуға міндетті. Мемлекеттік тілде білім беретін барлық мекемелер жаңа графикаға көшеді”.
Жалғасы бар.