Оңтүстік Қазақстан облысында үш ауысымды мектептердің мәселесі біртіндеп шешіліп жатыр.
Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жаңа 2017-2018 оқу жылына дайындық барысы туралы баспасөз конфенциясында облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, білім күнінде облыста құрылыс жұмыстары аяқталған жаңа 20 мектеп ғимараты пайдалануға беріледі. Ал оның алтауы жаңадан ашылып, өңірдегі орта мектептің саны 1021-ден 1027-ге жетіп отыр. Сондай-ақ 7 жекеменшік мектеп жұмысқа кіріспек.
«Оңтүстік Қазақстан облысында білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Өңірдегі 1034 мектепте жаңа оқу жылында 640 мыңға жуық оқушы білім алады деп күтілсе, оның 73 мыңы бірінші сыныпқа барады деп жоспарлануда», – деді Ұласбек Сәдібеков.
Оқулықпен қамтамасыз ету жайын баяндаған аймақ басшысының орынбасары тамыздың 20-на дейін барлық мектептер қажетті кітаппен қамтылатынын айтты.
«Жаңартылған білім беру мазмұнына сай және 2, 5, 7 сыныптардың көшуіне байланысты, 3,5 млн-ға жуық кітапты сатып алуға жергілікті бюджеттен 4,5 млрд. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 2 млн-ға жуық кітап мектептерге жеткізілген. Яғни 56 пайыз, ал қалған кітаптар тамыздың 20-на дейін толық жеткізілетінін болады», – деді Ұласбек Сәдібеков.
Сондай-ақ облыстағы мектептерді жаңа оқу жылына дайындау мақсатында жергілікті бюджет есебінен 897 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізілсе, бүгінгі күнге 847-сінде жөндеу жұмысы аяқталған. Ал 43 мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары 25 тамызда аяқталады деп жоспарлануда.