ҚР Бас прокуратурасында ведомствоаралық жиналыс өтіп, онда Электронды қылмыстық істі және оның пилоттық сынақтан өткізілуін енгізу мәселелері талқыланды.
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Бағдарлама қылмыстың тіркелуінен бастап, оның тергелуі және сот үкімінің орындалғанына дейінгі аралықтағы қылмыстық процестің барлық сатысын қамтиды.
ҚР Бас прокуроры Жақып Асановтың айтуынша, цифрлық технологияларға көшкен жағдайда, қоғамның жанына батып жүрген біраз проблемалар шешіледі. Олар өздігінен жойылады. Сондықтан осыған қатты мән бөлініп отыр.
Осыған байланысты 11-тамызда жоғарыда аталған ведомстволармен бірлескен бұйрыққа қол қойылып, ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Бағдарлама 15-тамыздан бастап өңір-өңірде сынақтан өте бастамақ.
Бағдарлама бөгде адамдардың, соның ішінде жүйенің әкімшілерінен қылмыстық іс материалдарына рұқсатсыз қол жеткізуінен жоғары дәрежелі қорғайды. Істің материалдарына қол жеткізу тек қана істі жүргізетін тергеушіде және прокурорда болады.