Қызылорда облысында электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесі 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 41 пайызға өсті.
Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы А. Мұхимовтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.
«Яғни, электронды түрде көрсетілетін қызметтер саны былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,7 есеге, яғни 41 пайызға артса, мемлекеттік органның тікелей өзімен көрсетілетін қызметтердің саны 9 пайызға азайды», – деді А. Мұхимов.
Сонымен қатар, ол тұрғындардың электронды қызметтердің ішінде «дәрігердің қабылдауына жазылу», «метепке дейінгі ұйымдарға тіркелу» сияқты түрлерінің жиі пайдаланатынын айтты.
Айта кетейік, Н.Ә.Назарбаев биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауында мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісін мейлінше оңтайландыруды тапсырған болатын. Мемлекет басшысы бұл орайда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электрондық форматқа көшіру керек екенін айтты.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері
және сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті