Қарағанды облысында педофилді ұрған полицей жазалануы мүмкін. Ол қазір қамауда отыр. Бұл туралы КТК хабарлайды.
Сәтбаев қаласында бес жасар қызды зорлаған қаскөй өз пәтерінде ұсталған болатын.Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін жас сержант ашуға беріліп, күдіктіні ұрып жіберген. Бұл кадрлар лезде ғаламторда тарап кетті.
Қазір оған қатысты «билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Сержант жұмысынан қуылып, қамауға алынған. Алайда қалың жұртшылық құзырлы органның шешімімен келіспеуде. Олар педофилді ұрған полиция қызметкерін жазаламауды сұрап отыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай ер адам 5 жасар қызды алдап пәтеріне апарып, зорлағанын мойындаған еді. Тергеу аяқталған соң сержант шеніндегі қарауыл ашулықтан өзін ұстай алмай педофилді соққыға жықты. Ал дәрігерлер қыздың жағдайы орташа қалыпта деп мәлімдеді.