Емші бала Ербосын Серікбаев өзіне Қызылорда облысынан мешіт салып алған. Қаршадайынан емшілікпен аты шыққан Ербосын мешітті өз қаржысына салғанын айтты. Діни сауаты таяз емші ауыл балаларына Құран оқудан сабақ берген.
Бұл туралы NUR.KZ порталы хабарлайды.
«Мен кеше ғана Қызылорда облысы Арал қаласының Қосжар ауылына барып өз мешітімді ашып келдім. Қосжарда 40 оқушым бар. Ол жақта мен араб тілінен сабақ беремін. Оларға құран оқуды, намаз оқуды үйретемін», – дейді Ербосын Серікбаев.
Емші өзін қаралағандарға «үріп отырғандар» деп күлетінін жасырған жоқ.
«Бес саусақ бірдей емес. Халық болған соң қаралайтындар табылады. XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Әркім өз ойын ашық айта алады. Мен де оларға өз ойымды ашық айта аламын. Менің емімді тілеп келушілерге мен қарсы емеспін, керісінше, көмектескім келеді. Олардан мен ештеңе сұрамаймын. Ал, интернетте отырып алып, неше түрлі пікір жазатындарға айтарым: Олар мені халыққа жаман қылып көрсету, жаман қылып шығырып, қалағандарынша балағаттай берсін. Олар үріп отырып қояды. Маған келетін адамдарды әрқашан емдеп, халықтың батасын алып отырамын. Ал, олардың кімнің батасын алып жатқанында менің жұмысым жоқ», – дейді Ербосын.
https://kaz.365info.kz/men-zhyndy-emespin-emshi-bala-erbosyn-kimge-ashuly-foto-271628
Емші бала Арал қаласындағы орта білім беру жүйесіне көңілі толмай Ақтөбеге көшіп келген болатын. 2016-2017 оқу жылын Ақтөбе қаласындағы мектепте өткізген Ербосын өңірде тұрақтап қалғысы келетінін айтты.
«Ақтөбе қаласында өткізген алғашқы оқу жылым жақсы өтті. Сыныпқа кірген кезде менің Ербосын екенімді ешкім білген жоқ. Мен де айтқан жоқпын. Сыныпта балағаттайтын балалармен дос болып, жаман сөйлеуге болмайтынын үйрете бастадым. Сынып жетекшім Клара апай мені жарыстардың барлығына қатыстырды. Ақтөбеге келгелі мен өзіме көп достар таптым. Ақтөбеде әрі қарай қалғым келеді. Жақсы оқығым келеді. Оқуды бітірсем, алға қойған арманыма жету үшін талпынамын. Халыққа одан әрі шипалы ем беру үшін медицина саласынан білімімді жетілдіруді қалаймын. Мен халықтан көбірек бата алғым келеді», – дейді емші.