Талдықорғанда қайтыс болған әуежай қызметкерінің артында үш баласы және жары қалды. 38 жасында тағдыры қыршыннан қиылған Рүстем Мұсабековті жақындары ертең жер қойнына тапсырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Рүстем Мұсабековтің тұңғышы 15 жаста болса, кенжесі 4-ке енді толған. Марқұм болған азамат отбасында үш ағайынды. Өзі үйдің үлкені. Анасы Ботагөз Өмірзақова ұлының қазасына әлі де сене алар емес.
«Ел де, аэропорт қызметкерлері де риза, рахметтерін айтып жатыр. Балаңыз батыр деп жатыр. Сол сөздің өзі маған үлкен демеу. Балаларының есінде әкелері мәңгі батыр болып қалса деймін»
– дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, өткен бейсенбіде Талдықорған әуежайының жанар-жағармай қоймасында өрт шығып, оны екі азамат өздігімен өшіруге тырысқан. Өздері отқа оранса да бар күшімен жанармай құйылатын құбырдың бұрандасын жауып, үлкен апаттың алдын алды. Әуе қауіпсіздігі қызметінің инспекторы болған 1973 жылғы Рахат Кәметаевтың денесінің 95 пайызын күйік шалып, ол ауруханаға жеткізілгеннен кейін көп ұзамай көз жұмды. Ал Рүстем Мұсабековтың өмірін аман алып қалу үшін мамандар Алматыдан да шақырылды. Бірақ оның алған жарақаты тым ауыр болды. Бес күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан Рүстем Мұсабеков есін жимастан қайтыс болды.