Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуіне байланысты әрбір азамат жұмысы бар, я болмаса, жұмысы жоқ адам ретінде тіркеуге тұруы тиіс.
Осыған орай барлық ақпарат жазылған парақшаларды әкімдік қызметкерлері көпқабатты үйлерге жекелей барып, таратып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
“Егер Сіз өзіңіздің әлеуметтік мәртебеңізді анықтауда қиналсаңыз, онда www.egov.kz “электронды үкімет” порталында әлеуметтік мәртебеңізді білуіңізге болады”, – делінген құлақтандыруда. Астана әкімдігі порталда тиісті ақпаратты таба алмаған азаматтарға жұмыспен қамту орталығына (Бейбітшілік көш., 25, тел. 57-88-86, 57-85-42,57-86-19) xабарласуға кеңес берілуде.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуіне байланысты әрбір азаматты ертерек тіркелуге үндеген болатын. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев болса, xалыққа қызмет орталықтарында қарбалысқа жол бермеуді тапсырды. Себебі 1 шілдеден бастап жұмыс берушілер жұмысшылар үшін жарна төлеуді бастайды. Ал келесі жылдан бастап ондай жарналар жұмысшылардың еңбекақысынан да ұсталады.