Атақты ғалым, математик Асқар Жұмаділдаев бақытты болу формуласымен бөлісіп, ер азаматтың және жақсы әйелдің игі қасиеттері қандай болу керектігін айтты.
Бұл туралы ғалым Массагет жастар порталының Айна бағдарламасына берген сұқбатында мәлім етті.
кез келген отбасылы адамның жетістігі бала-шағасынан көрініп тұруы тиіс.
„Менің 3-4 балаларым мен қыздарым бар. Бәрі де сабақты жақси оқиды. Жақсы жұмыс істейді. Менің үлкен жетістігім осы„- дейді Асқар Жұмаділдаев.
– Өз ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз бала-шағаңды асырай алсаң, өз Отанына еңбек ете алсаң, өз ұлтының туын көкке көтере алсаң — бақыт деген осы.
Ер адамға тән ең жақсы қасиет: адалдық пен еңбекқорлық.
Ал әйел адам тамақты дұрыс пісіру керек, үйді ұқыпты ұстауы тиіс, бала тууы керек, күйеуінің жағдайын жасауы қажет. Өзінің де жағдайын жасауы керек. Осы үдеден шықса, ондай әйел жақсы қасиеттерге ие, – дейді ғалым.
Бұдан тыс Асқар Жұмаділдаев қазіргі жастарға қолға алынып жатқан үштілділік жобасының қауіп-қатері неде екенін ашып айтты.
https://kaz.365info.kz/bilim-zh-ne-ylym-ministri-bolyp-akademik-as-ar-zh-madildaev-ta-ajyndalsyn-226850
– Ағылшын тілін үйрену керек дейді. Ағылшынды үйренген үнді, қытай, жапон ақымақ па, не дейді? Ақымақ емес, әрине. Қазақ та ақымақ емес. Ағылшын тілін қазақ та үйренуі керек. Оған ешкімнің дауы жоқ. Ол белгілі нәрсе. Ол аксиома. Оны дәлелдеудің қажеті жоқ. Бірақ қазақтың ақымақтық деңгейі мен қытайдың ақымақтық деңгейін байқап көрейік.
Мысалы, Қытайда ағылшын тілі қытай тіліне қосымша ретінде оқытылады. 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін барлық сабақ қытай тілінде өтеді. Тіпті, Үрімшіде қазақ мектептері жабылып жатыр. Олар 5-сыныпқа дейін өзінің қазақ тілі мен әдебиетін оқиды. Қазақтың тарихын оқымайды, Қытай тарихы оқытылады. Сонымен қазақ тілі бітеді. Одан соң барлық сабақ қытай тілінде оқытылады. Ал ағылшын тілінде қосымша оқытылады. Үнділерде де сондай.
Ал қазақтар қайтпек? Ағылшын тілін қосымша емес, қазақ тілінің орнына жүргіземіз дейді.
Осы жағы маған түсініксіз. Сонда қазақ тілінде әдебиет айтуға болады, қазақ тілінде тарих айтуға болады.
Қазақ тілінде ертегі айтуға болады, көздің жасын төккізіп поэма жазуға болады. Бірақ Ом заңын айтуға болмайды, Ньютон заңын айтуға болмайды. Сонда бұл не?..
Менің ойымша, үштілділік дегеніңіз, дұрыс түсінсеңіз, ол былай болуы керек: Бастауыш пен орта мектептің барлығы да қазақ тілінде оқытылуы тиіс. Ал ағылшынша оған қосымша ретінде оқытылуы керек. Сонда бәрі орнына келеді.
Егер біз осы бағытпенен кете берсек, онда қалай болады? Онда қазақ тілі от басы ошақ қасы болып қала берсін дейміз ғой. Басқа ештеңе емес. Қазақ тілінде тарих айтуға болады, батырларды жырлауға болады. Басқа ештеңеге қажеті жоқ.
https://kaz.365info.kz/ras-l-zh-maly-shtildilik-aza-mektepterin-zhoyu-a-zhasal-an-zhospar-211516
Бізде не көп? Пәлсапашылар көп. Менің бір досым бар. Бұранданы бұрай алмайды, бірақ пәлсапаны соғуға шебер. Ондайлардың бізге не керегі бар? Технократтық елге айналмай, жалаң гуманитарлық салалармен біз дами алмаймыз.
Сондай-ақ Асқар Жұмаділдаев: „Қай тұлғаға жаныңыз ашиды„ деген сауалға: „Мұстафа Шоқай„ деп жауап қатты. Ол туралы алып-қашпа сөзге жастарды ермеуге кеңес берді.
– Мұстафа Шоқай елден жырақ жүрді. Ел туралы ойлады. Адал еңбек етті. Сөйтіп далада қайтыс болды. Бірақ әлі күнге шейін аты жөндеп аталмайды. Немістермен, анаумен-мынаумен бірге болған деген әңгіме әлі күнге дейін бітпейді.
Негізінде, ол қазақты ойлап, сол үшін өмірін арнаған. Қазақтың біртуар азаматы ғой.