Бүгін Үкімет сағатында сенатор Серік Ақылбай министрден халықтың шағымына байланысты полицейлерге арнайы таяқшаны қайтаруды сұрады.
Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.
“Қазіргі уақытта осы арнайы таяқшалардың біраз бөлігі жойылды. Одан қандай пайда? Мен өзім жүргізушімін, бірақ мен кейде полицейлердің не көрсетіп тұрғанын түсінбеймін. Мүмкін оларға арнайы таяқшаларын қайтарамыз? Олар таяқшаларға үйреніп қалған, әсіресе, түнгі уақытта таяқшаны көрсете салады және ол бізге бірден көрінеді. Интернетте қарасақ, халық арнайы таяқшалардың жоқтығына шағымданып жатыр. Үйрене алмай жатыр, мен де үйрене алмай қойдым”, – деді Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай.
“Біз бұл мәселені қарастыратын боламыз. Үкіметтің халықаралық тәжірибені енгізу туралы хаттамасы қабылданған болатын.
Мен арнайы таяқшалардан бас тарту туралы бұйрыққа былтыр қол қойдым. (…) Ал біздің халықтың бұған үйрене алмай жатқаны басқа мәселе. Менің ойымша, бұл жай әдет, әдет кейіннен қалады. Адамдар полицейлердің жаңа жарық шағылыстырушы формасына да үйренеді”, – деді министр сенатордың сауалына.
Сонымен қатар, Қасымов қазіргі уақытта полицейлердің жүргізушілерді қолымен тоқтата алатынын айтып өтті.
“Полицейлердің көлігінде кем дегенде екі видеотіркеу құрылғысы орнатылған және біз полицейлердің барлық әрекетін көріп отырамыз. Жыл соңына дейін барлық полицейді видеотіркеу құрылғысымен қамтамасыз ету туралы тапсырма берілді. Сондықтан мен біздің полицейлерге видеотіркеу құрылғы болмаған жағдайда жүргізушілермен жұмыс істеуге тыйым салдым. Егер видеотіркеу құрылғысы болмаса, мысалы, бізде облыстар видеотіркеуішпен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Бірақ кейбір облыстар ондай құрылғымен 30-50 пайызға қамтамсыз етілген, сондықтан біз оларға жұмыс істеуге тыйым саламыз”, – деді министр.