“Эйр Астана” әуе компаниясының баспасөз қызметі Алматыдан Ақтауға бағыт алған ұшақтың әуежайға қайта оралғанын хабарлады.
Халықаралық қауіпсіздік процедураларына сәйкес, экипаж әуежайға қайта оралу туралы шешім қабылдаған.
“2017 жылы 25-сәуірде Алматы-Ақтау КС-857 рейсін орындаушы Airbus А320neo ұшағы қозғалтқыштың май деңгейіндегі индикация жүйесінің істен шығуына байланысты әуежайға қайта оралды. Қайта оралу туралы шешім халықаралық қауіпсіздік процедураларына сәйкес, қауіпсіздікті сақтау үшін қабылданды.
Ұшақ штаттық режимде қондырылды. Қазіргі таңда әуе компаниясы ұшақты толық техникалық тексеруден өткізіп, қажетті шараларды қабылдамақ.
Жолаушылар басқа ұшақпен сапарларын жалғастыра алады,” – деп хабарлады әуе компаниясы.
Бұған дейін де Алматыдан Дубайға, Алматыдан Бішкекке ұшқан “Эйр Астана” ұшақтары әуежайға қайтып келген еді. Сондай-ақ, 2017 жылғы 5-наурызда Алматы-Орал бағыты бойынша КС-881 рейсін орындау кезінде де “Эйр Астана” экипажы Ақтөбе қаласындағы жақын әуежайға шарттық қонуды жүзеге асырған еді.