Ақтөбе облысының басшысы су тасқынынан зардап шеккен аудандарды аралап жүр. Демалыс күндері ол Кіршпішті ауылына барды. Саяжайдағы зәулім үйлердің иелерінің «жанайқайын» тыңдап болған соң, өзге аудандардағы қиын жағдайды жеткізді, деп хабарлайды «Тілші».
«Сіздердің жағдайларыңыз жақсы. Махамбет, Россовхоз, Қалалық сүт зауыты (ГМЗ) аудандарындағы үйлердің жағдайын көрген жоқсыздар. Оларда сендердікіндей зәулім үйлер жоқ. Саманнан салынған үйлері құлағалы тұр. Әр отбасыда 4-5 баладан бар», — деген Бердібек Сапарбаев арыз айтқан дәулетті ақтөбеліктерге тәубеге келу керектігін меңзеді.
Оның үстіне, облыс басшысы, саяжай аумағында үлкен сарайлар тұрғызбау керектігін де ескертті. Сонымен бірге, Бердібек Сапарбаев, көмек көрсетілерде алдымен жағдайы төмен отбасыларға басымдық берілетінін шегелеп айтты.
Дереккөз: Baq.kz