Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
8
USD
442
-1.91
EUR
474
-2.45
RUB
4.75
-0.07

Түркиядағы қазақтар: атақты Зұқа батырдың немересі қандай ақиқатты айтты? (фото)

875

Сәлиман әжей атақты Зұқа батырдың немересі. Биыл 73-ке аяқ басыпты. Көкірегі сайрап тұр бірақ, кешегі күнін бүгінгісіндей біледі. Атажұрттан ағайындар келгенін естіп Алтай ауылының іргесіндегі Бор қалашығынан жетіпті.

— Балам, жақында ота жасаған. Әлі әлсізбін. Үйге жүр. Шер тарқатайын” деген әжейдің сөзін екі еткен жоқпыз.

 

Сәлиман әжейдің үйіне де келіп жеттік. Қонағы болдық. Дастарханынан дәм таттық. Әңгімесін тыңдадық…

— 1944 жылы Алтайда дүние есігін аштым. Әкем Шәймерден зәңгі, Зұқа қажының үшінші ұлы. Әкемнен тараған 11 баламыз. Атам Зұқа батыр Зайсанда туған, оның әкесінің аты Нұрмұхамед. Әкесінен айырылған сәтте атам 15 жасар бозбала екен. Атамның анасы да батырдың ұрпағынан тарайды. Әмеңгерлік салт бойынша ол кісіні жақын туысқанына бермек болған ғой. Бірақ көнбеген. Қашқан. Баласын алып Қытай асқан. Баркөл жаққа… Осы жерде  тұрақтайды.

Атамның пейілі кең еді. Әділдіктің ақ туын көтерген адам-тұғын. Жуан байлардан именбейтін. Жергілікті жердегі шенеуніктер халықтың қалтасына ауыр соғатын зәкүн шығарса қарсы шығатын. Содан шығар бай-манаптардың қанауынан шаршаған халық атамның жанына топтаса бастады.

Ауылымызда жетім-жесір көп еді. Атам соларға қорған болды. Тапқан-таянғанын жоқ-жітікпен бөлісетін. Асып бара жатқан байлық та жоқ еді басында. Бірақ, халық аш қалдырған жоқ. Пейілі кең адамның несібесі кемімейді ғой.

— Бір күні атамды Жақия деген дұнған жігіт іздеп кепті. Қытайлардан қашып жүргенін айтып пана сұрапты. Атам Жақияны ауылдағы үйлердің біріне жасырған ғой. Сөйтсе, әлгі қашқыны Қытайдың жансызы екен.

Жақияны тыңшы қылған қытайлар ауылдың маңындағы қыратта оңтайлы сәтті күтіп жатқан. Бір күні бұлар апыл-ғұпыл жинала бастайды. Оларды ауылдағы ағайынымыздың бірі байқап қалып, әйеліне тез арада атама хабар жеткізуді тапсырады. Бірақ барар жолда әлгі әйелді қытайлар ұстап алады.

Бұл уақытта атамның алдына шәй әкеледі. Кеседегі шай атамның көзіне қанға бөккендей елестеген екен. Бірден тысқа шығып:

“Бүгін менің ақырғы күнім. Сендерге бұдан былай көмектесе алмаймын. Отбасыларыңды алып, ауылдан алысырақ кетіңдер” дейді атам.

— Сол күні атамның кіші әйелінің үйінде қонақтар болыпты. Атам: “Қонақтарыңды күт” деген де кетіп қалған. Бірақ, әлгілер де ас батпайды. Ерлер жағы: “жанымыз Зұқаның өмірінен артық емес” дейді де атамның соңынан ереді. Сол күні 32 адам қаза тапты…

Жау ауылымызға таң ата тап берді. Әжем (бәйбішесі) жоғарыға ілінген мылтықты алып, оны атама берем дегенше оққа ұшады. Қаруынан пышағы ғана қалған атам өзіне алғаш тап берген дұшпанның кеуде тұсынан сұқпай ма…

Бірақ, тұс-тұстан ентелеген қытайлар қойсын ба? Атамның басын кесіп, ауылдың кіреберісіндегі қақпаға іліп кетеді. Әкем Шаймардан ол кезде бозбала тұғын. Қытайлар кіріп келгенде әкем киіз үйдің бүйірін тесіп, қашып кеткен. Соңынан қуғыншы қосқан. Бәрібір ұстатпапты.

— Әкемнің бірінші әйелі ауыр дерттен көз жұмған. Қырқын өткізгесін әкем жар іздеуге көшеді. Туған-туысты аралайды. Керейдің ішінен шыққан қыз іздейді. Мен әкемнің екінші әйелі Жәмихадан туғанмын. Анамның қолы алтын еді. Әкем жоқта, ауыр жұмыстың дерлігін өзі атқаратын.

“Әкелеріңнің маған ыдыс-аяқ жуып жатқан кезімде кезі түскен” деуші еді марқұм.  Анамыздан алтау тудық. Солардың ішінде көзі тірісі мен және інім Дәлелхан. Өзгелері Сәлес, Әнес, Жанымхан, Дәлехан, Сәлиман және Қалиман қайтыс болған. Әкемді үйдің кішісі Қалиман өмірге келгеннен кейін 10 күн өтер-өтпестен қытайдың жендеттері өлтіріп кетті.

Қытайдың дүниетанымын қабылдамадық

— Ол кезде 6 жасар баламын. Қиындықтан көз ашпаған кезіміз.

Қытай мәдениетін қабылдамағандықтан, қытай қыздары сияқты шашымызды қидырғымыз келмегендіктен, намаз бен салт-дәстүрімізден бас тартпағандықтан қуғын-сүргінге ұшырадық.

Қытай билігі өз дегенін істетуге күштеп көндірмек болды. Бірақ, ауылымыздағы ақсақалдар жағы айтқанынан қайтқан жоқ.  “Қазақтар Аллаға сыйынған халық. Дінімізді қабылдайтын, қудаламайтын жер табайық. Өлген күннің өзінде де мұсылманның ортасынан топырақ бұйырса, бақыттымыз” деді. Не керек, келесі күні жүгімізді буып-түйіп көшіп кеттік. Көшті әкемнің ағасы Сұлтаншәріп ата бастап жүрді. Маған бұл оқиғаларды кейін есейгесін жеңгем айтып берді.

Ал әкем өлген күнді әлі ұмытқам жоқ. Көз алдымда болды, өйткені. Таудан төмен қарай құлдилап түсіп келе жатқан бетіміз еді, әп-сәтте қытай солдаттары қоршап алды. Көп. Мұздай қаруланған. Алдымызда кішігірім өзен ағып жатқан. Асығыс-үсігіс өте бастадық.

Шешемнің қолында бесігі, әлі қызылшақа Қалиманды арқасына таңып алған. Ағамның бәйбішесінің аты жанымызда желіп келеді. Шешемнің астындағы ат батпақтан шыға алмай қалып, үстіндегі бесік құлап түсті бір кезде. Шешем де аттан ауып кетудің аз алдында тұрған. Әлі есімде, менен әрі кетсе екі жас үлкендігі бар Тақан (бәйбішенің баласы) суға күмп берді де, бесікті алып шықты.

Ысқырған оқтың дауысы әлі күнге дейін құлағымның түбінде тұр. Адамдардың жанұшырған айғайы, түйенің боздағаны, жылқының кісінегені бәрі-бәрі араласып аласапыран басталып кеткен-ді.

Әсіресе, оқтың дауысы сұмпайы еді.

Жоқ, оқ маған тиеді деп қорыққам жоқ. Ондай қорқыныштан ада едім. Бала едім. Дұшпанның оғы ат үстіндегі әкеме тигенде, інім оның алдында отырған. Екеуі де үріккен түйелер мен жылқылардың жолына құлайды.

—  Інімді бауырларымның бірі көтеріп алып, қашып бара жатқан ауылдың шалына ұстатпай ма… Әлгі шал баланы алудан бас тартады. Себебі, өзінің де шамасы таусылған еді. Ең аяғы мылтық кезенуге тура келеді. “Иманбай ата, сенің өмірің мына баланың өмірінен артық емес” дейді бауырларым. Ақыр аяғы баланы артына мінгестіруге келіседі. Інім осылай аман қалды.

Шешем бұл сәтте ат үстінде қансырап жатқан әкемнің жанында шарқ ұрып жүрген. Артында бесік, арқасында мен.

Әкемізді әрең дегенде көтеріп, жаудың қоршауынан сытылып шықтық. Тоғай арасында түнедік. Әкем, қайран әкем өлім аузында жатты. Оқ бауырын тесіп кетіпті.  Жігіттерден: “қан қалай ағып жатыр?” деп сұрағаны есімде. “Көпіршіктеніп жатыр…” деді әлгілер. Әкем: “Ендеше менен қайран жоқ. Ажал алып тынады. Басымды құбылаға қаратыңдар да, кетіңдер бұл арадан” деді.

Шешем көнген жоқ. Басқалары кетсе де, ақырына дейін әкемнің жанында қалатынын айтты. Бірақ, ағам шорт кесті.

“Біз баратын жерге сенде барасың. Өлетін жерің бұл емес” деді ол.

Шешемнің көнуіне тура келеді. Әкеммен осылай қоштастық…

Көш қайта қозғалды. Жолай қытай жендеттерінің оғынан жараланған тағы 10 адам көз жұмды. Олардың бейітін таспен бекітіп, жыртқыштардан жасырып жерледік. Сіңлім Қалиман да ұзаққа барған жоқ. Анамның ақ сүті таусылған-тын… Сәбилерді кебежеге салып көшірген. Бесіктен белі шықпаған бала үшін бұл ауыр азап еді. Аштықты алдау үшін үлкендер жағы бізге сүйек пен ұн араласқан су беретін”.

Сәлиман әже әңгімесін осы арадан үзіп отбасылық суретін көрсетті бізге. Қытайдан қашып, Пәкістанға жеткен сәті екен.

— Шөлге жеткесін үлкендер жағы осы арада біраз аялдауды жөн деп тапты. Шешем қой сойды. Қазанға ет қайнатты. Азғантайын өзіне, көп бөлігін бізге қалдырды. Артынша: “Әрі қарай менсіз жүресіңдер. Алда жеті күншілік жер бар. Ал мен әкелеріңді іздеймін. Кейін кетемін, Тірі болса, арқалап келсем де алып келем. Өлсе…оны да көзіммен көремін. Мен үшін қайғырмаңдар. Бірге болыңдар, бауырыңа қарайлас”, – деді.

Бізді ағамның бәйбішесіне тапсырды. Әкемнің артында ұзақ жолға шыдас беретін аты қалған. Соны мінді. Баламыз ғой. Жыладық. Қимадық. Әкеден кейін шешеден айырылғымыз келмеді…

Шешем шөл даланы шарлап бір апта жүреді. Азығы таусылады. Астындағы атын қасқырлар жеп тынады. Ең қызығы тағылар анама тиіспеген. Түнімен тап жанында ұлып жатады екен, бірақ маңайлауға батпаған. Қаталаған кезде көк шөптің тамырын сорып шөлін басыпты.

Осындай күндердің бірінде анам түс көрмей ме…Ескі үйлерінде екен. Бәрі бұрынғыша. Алдында төсек тұр дейді. Үстіне қызыл көрпе төсеп қойыпты. Енді бір сәтте әкем пайда болып шешемді көтерген күйі әлгі төсекке отырғызған. Артынша сіріңке жағыпты. Осы сәтте алакөлеңке үйдің іші жап-жарық болып кетеді. Оянса апта бойы шарлаған шөлейтте жатыр екен.

Түсті Алла аян бердіге балаған шешем кейін қайтады. Жолда анамды қолдарында қаруы бар бір топ адам тоқтатқан. Атып тастауы мүмкін еді. Дер кезінде кимешегін шешіп әлгілерге қарата бұлғайды. Сөйтсе, бұл да өзіміздей қытайдың сойылынан қашқан қазақтар екен.

Анамның жолы болыпты. Адасып жүргенде осы араны тінтіп жүрген қытай солдаттарының тұтқынына түсуі әбден мүмкін еді. Бірақ, ақыр аяғында тура жол тапқан. Басқа рудың қазақтарын кезіктерген кезде шешемнің сөйлеуге де шамасы болмапты. Ауылға алып келіп есін жиғызған. Ас-су беріп, аяғынан тұрғызыпты. Тілге келіп, есін жиған кезде күйеуінің қабірін көргендерін және ол жаққа қайта оралудың қауіпті екенін айтқан. Шешем бұл арада бір апта аялдайды.

Анаммен қайта қауышқан сәтті әлі ұмытқам жоқ. Келе сала бірден Сұлтаншәріп атамның үйіне тартты. Себебі, әкемді іздеуге кеткенін оған айтпай кеткен. Киіз үйдің босағасынан аттап амандасқан кезде ағам анамның сәлемін алмай қояды. “Ініңіз өлді, қайғысына ортақпын” дейді анам. Сол сәтте ағам солқылдап жылап жіберіпті. Шешем де көз жасына ерік берді. Мен шешемнің жанында тұрғам. Аяп кеттім. Арқасынан сипадым. Сол күннен бастап әкемнің енді қайтып оралмасын білдім…

Гималай…

— Гималайды шарлап бір жыл бойы тынбай жүрдік. Әкемнің артында қалған алты баланың ішінде інім екеуіміздің ғана су ішерлігіміз бар екен. Тірі қалдық. Бала тұрмақ, бұл сапарды үлкендердің өзі көтере алмады. Гималайда ауа жетпей өлгендері қаншама. Апайымнан осылай айырылдым. “Апа”.  Өлерінде айтқан соңғы сөзі осы еді…

Өлгендерді қармен көметінбіз. Себебі, тас болып қатып қалған қара жерді қазу мүмкін емес тұғын. Тауда тірі жан жоқ. Қайдан болсын. Сол кездері қалай үсіп қалмағам деп ойлаймын. Қазір ғой жылы жер, жылы үйде отырып тоңып отырамын. Ал сол кездері ше? Тіпті, қысқа сай киімім де жоқ еді.

Ақыры Тибетке де жеттік. Тибет пен Пәкістанның шекарасында тибет шопандары оқтың астына алды. Бізге түн ортасында тап берді. Түні бойы көз ілмей, таң атып қалғып кетіппін. Шешем оятты. “Солдаттар жүр, сақ жатыңдар” деді ол. Сөйтсем түнде біз тап берген тибеттің шопандарын пәкістанның солдаттары тықсырып тастапты. Олармен сөйлесуге сыйлы, сауатты деген үш кісіні жөнелттік. Артынша пәкістандық солдаттар қайта оралып, біздің қару-жарағымызды алып алды. Суретке түсірді. Азын-аулақ азық қалдырды.

Ол тұстары Пәкістанды шейх Саиб билеп тұрған. Марқұм әділ билеуші, адал мұсылман еді. Саибтің әмірімен тибеттіктер бізге деп ат әкеп берді. Ауылдан ауылға түнеп ақыры Кашмирге де жеттік. Бұл арадан жүк тиейтін көлікке отырып екіқабатты үйлері бар бір араға жеттік. Бір үйге екі отбасыдан қоныстандырды. Жылы үйді, жұмсақ төсекті жатырқап қалсам керек, біразға дейін көз іле алмадым.

Келесі күні әр отбасыны жеке-жеке шақырып әрқайсымызға киім-кешек пен көрпе-жастық берді. Аптасына бір рет ет, күріш және азын-аулақ ақша беріп тұрды. Ақшаны жұмсаған жоқпыз. Екі жылдан соң жинаған ақшаның басын құрап ағамызды осы тозақтан аман сақтап қалғаны үшін Аллаға алғыс айту мақсатында қажылыққа аттандырдық. Иә, бұл шынымен де тозақ еді. Ауылдан шыққанда 60-тан аса адам едік, бұл араға солардың жартысы ғана жетті.

Бұл арада үш жыл аялдадық. Америкалықтар келді. Елдеріне шақырды. Ағам Сұлтаншәріп көнбеді.  “Мұсылман мемлекетіне, қаны бір түрік бауырларымызға барамыз” деді. Түрік елшілігіне хат жолдады. Артынша пойызға отырып арабтың Баср қаласына жеттік. Осы арадан пароходқа отырып түріктің Тузла қаласына дейін тұп-тура бір ай жүрдік. Бұл араға жеткесін шешемді бірден ауруханаға жатқызды. Қатерлі ісікке шалдығыпты. Шошып кеттім. Ол кезде 10 жасар бала едім. 1954 жылға аяқ басқанбыз.

“Аллаға сеніңдер”

— Түркия паналатты. Бауырына басты. Бізге үш бөлмелі үй мен ұсақ малға арналған қораны қоса берді. Шешем киіз бетін әдемі оюлармен өрнектейтін, мұны малға, азық-түлікке айырбас жасайтынбыз. Бізбен ұзақ әңгімелесіп, сыр шертісетін еді. “Аллаға сеніңдер, құлындарым! Құдайға сенген — құстай ұшады, адамға сенген — мұрттай ұшады» деуші еді марқұм. Осыны үнемі құлағымызға құйып отыратын.

17 жасымда күйеуге шығып, Стамбұлға кеттім. Інім қазір Венада тұрады. Ол да балы-шағалы. Немере, шөбере сүйіп отыр. Бізді осы күнге жеткізген, от пен судан аман сақтап қалған Аллаға әр күні разылығымызды айтып отырамыз.

Мен күйеуге шыққасын екі жылдан соң шешем қайтыс болды. 40-тан жаңа асқан шағы еді. Бізге сондай үлкен көрінетін. Қуғын-сүргін, Гималайдың үскірік аязы, аштық пен азап шешемді ерте қартайтып жіберді. Қайран шешем, қандай қызық көрдің бұл жалғанда…”.

Сәлиман әжей әңгімесін осы арада үзді. 

Аударған, Думан БЫҚАЙ 

 

 

 

Фото: Владимир Третьяков

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз