Қытайдағы “I am a Singer” байқауына қатысып жатқан Димаш Құдайбергеннің танымалдылығы мен қатар табысы да өсіп жатыр. Димаштың талантын мойындаған Джеки Чан, Лара Фабиан секілді жұлдыздардың жылы лебізінен кейін оның тойға сұрайтын қаламақысы да көбейген.
Бұл туралы 31 арнаның “Айта берсін” бағдарламасында айтылды.
Той орталығының басшысы Жан Мұқановтың айтуынша Димаштың гонорары бұрынғымен салыстырғанда бірнеше есеге артқан.
“Димаштың қазіргі қаламақысы 15 мың доллар. Ал осыдан шамалы уақыт бұрын оның қаламақасы небәрі 2 мың доллар болатын. Қазір ол еліміздегі тойдағы қаламақысы ең жоғары әншілердің бірі. “Музарт”, Майра Мұхамедқызы сынды әртістердің өздері 10 мың доллар алады”, – дейді ол.
Алайда Қытайдағы байқау әзір аяқталған жоқ. Жарыс 14 кезеңге созылатындықтан Димашты тойға шақыру әзір қиындау екен. “Дегенмен сұраныс өте көп” дейді Мұқанов.