Мәжілісте депутат Гүлнәр Бижанова Қазақстан ұстаздары үшін өзекті мәселе – қағазбастылық жайын көтерді.
Депутат мектептегі құжат айналымын Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметтеріне кіріктіруді ұсынды деп хабарлады Kazpravda.kz.
“Білім министрлігіне қарап айтамын, түрлі қағаз бен есептен бас ала алмайтын мұғалімдерден балаға ұқыпты қараңыздар деп қалай талап ете аласыздар. Сабақ бойына ұстаздар 18 кестені толтыру керек, оған қоса қосымша жүрістері тағы бар. Бұл жұмыстың барлығын баяғыда Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметтеріне кіріктіріп қою керек еді. Күнтізбелік, ұзақмерзімді, сабақ сайынғы, өзін өзі дамыту жоспарлары, мектеп бөлімшесінің жоспары, оның барлығына суреттер тіркеуі керек, қағаз журналды, электронды журналды жүргізуі қажет – міне осындай болып бітпейтін қағазбастылық жұмыс”, – деді депутат.
“Қағаз толтыру үшін мұғалім онсыз да аз жалақысынан ысырып папкілер, қағаздар сатып алады. Қайта-қайта көшірме орталығына жүгіріп жүрмес үшін, бір ұстаздың түрлі-түсті принтер сатып алу үшін несие рәсімдеткенін өз көзіммен көргенмін. Әлеуметші, психолог мұғалімдер мектептерде жетіспейді. Баланың көңіл-күйін қадағалаңдар деп, осындай қосымша жұмысты сынып жетекшілеріне артып қоямыз”, – деді ол.
Мұғалімдердің басым бөлігі әйел адамдар екендігіне де депутат баса назар аудартты.
“Көбісі, әйелдер олар жұмыстан тыс бір үйдің отанасы, бірнеше баланың анасы, үйде де атқаратын шаруасы бастан асады. Ал ауылдағылар ше? Олар таңертең және кешке сиыр саууы керек. Қазір біз блалаларға тым артық салмақ салынып жатыр деп, мәселе көтеріп жатырмыз ғой. Ол дұрыс. Бірақ мұғалімдердің де жүгі аз емес. Бұл да өз алдына бір бөлек мәселе”, – дейді депутат.
Министрлікке арнайы сауал жолдаған депутат Интернет пен медиа ресурсты пайдалана отырып, ашық жария етуді өтінді.