Димаш Құдайберген қатысып жатқан „Мен әншімін„ телебайқауын ұйымдастырушы Hunan телеарнасы жерлесіміз туралы шағын деректі фильм жариялады.
Youtube желісіне орналастырылған бұл видеода телебайқауға қатысушы Қытайдың музыка маманы Димашты үнемі алға суырылып шығатын жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар екендігі туралы айтты.
“Бұл Димаш қой. Ол футболшы секілді (күледі). Бұл қалай? Әнді мынандай тамаша шырқау! Оның құпиясын білмеймін…
Адамның өн-бойы өлең болып, соған жан-тәнімен берілгенде ғана осылайша дауыс өздігінен төгіледі. Өте керемет! Жаныңды тебірентіп, керемет күйге бөлейтін. Жыныстық, тілдік, ұлттық шекараны жоққа шығаратын бұл – әсем дауыс, адам ағзасының басты қабілеті.
Димаш нағыз додаға жаратылған дүлдүл арғымақ. Иә, жарап тұрған арғымақтың өзі!”
Маман пікірінен тыс бұл видеода Димаштың жеке өмірі де қамтылған. Мәселен, Димаш әке-шешем деп айтатын ата-апасын жол талғамайтын көлікке отырғызып алып Алматы көшелерімен алып өткенін де тамашалай аласыз.
Айта кетелік, ертең Hunan телеарнасынан Астана уақытымен кешкі сағат 20.05 уақытында „Мен әншімін„ тележобасының ІІІ-кезеңін тамашалай аласыздар. Бұл жолы Димаш ағылшынның атақты рок тобы Queen-нің «The Show Must Go On» әнін орындайды.