Кешегі құрықтаулардың астарында не сыр бар? Өткенде Ақтөбеде мұнай ұрлаған “барымташылардың” бастығы Астанада отыр ма? Дүтбаев қандай құпияны айтып қойды? Осы туралы жазған болдық.
Бір жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Нартай Дүтбаев ұсталды. Иә, ол саяси сахнадан әлі алыстап кетпеген еді. Бірақ бұрынғы ықпалынан айырылды деп ойласаңыз – қатеселесіз. Ұлттық қауіпсіздікке қатысы бар Дүтбаевтың қамалуы биліктің бір шешімге келгенінің белгісі. “Жемқорлықпен және көлеңкелі экономикамен күресу үшін жоғары жақ саяси сахнадағы тым селтеңдеп кеткен серкелердің өзін сабасына түсірмекші. Дәп солай.
Бір құпияны ашайық. Елбасы Мәсімовке барынша еркіндік берді.
Мәсімов келе сала кіріскен жоқ. Алды-артын барлап алды. Бетке шығып жатқан былықтарды көрді. Жыл аяғында Қауіпсіздік комитетін “жаппай тазалау” науқаны басталды.
Біз емес, саясаттанушы Зәмір Қаражанов солай ойлайды.
— Әрине, ҰҚК-ның барлық құпиясын біле алмасымыз белгілі. Бір кездері бұл органның не “бүлдіріп” жатқаны белгісіз еді. Иә, істеген істері болған да шығар. Бірақ, нәтижесін кім білген? Айтпайтын. Әйтеуір ана жерде, мына жерде терактінің алдын алғаны, лаңкестерді құрықтағаны туралы құрғақ мәліметтер жететін құлағымызға. Мәселен, идеологиялық майданның жауынгері – Владимир Козловты құрықтады. Болды. Жемқорлықпен күрескенін, көлеңкелі экономиканың көзін жойғанын естімеппіз, – дейді сарапшы.
Көлеңкелі экономиканың қауіпін бағалай алмайтындар көп. Атауы да тым бейкүнә естіледі. Анығында, жемқорлықтан да асып түседі ол. Мұны Үкіметбасы Сағынтаевтың өзі мойындап қойған. Айтуынша, Қазақстандағы көлеңкелі экономиканың үлесі 27 пайыз!
— Бұл бері жағы. Мен білсем, біздегі көлеңкелі экономиканың көрсеткіші 40 пайыздан асып кеткен. Жағдай онсыз да ауыр. Қазақстанды құтқаратын жол іздеу керек, – дейді Қаражанов.
Ал құтқарушы Мәсімов екен. Елбасы елдегі былықты тоқтатуды Кәрімге сеніп тапсырған.
Мәсімов көпке созған жоқ. Алдымен “қара алтынды” заңсыз сатқан қылмыстық топты құрықтады. Қызықтың көкесі алда.
Сіз бұлардың артында (мұнай тонағандарды айтамын) салафиттер тұр деп ойлайсыз ба? Олар қылмыстық топты “крышовать” еткен бе? Сіз осыған сенесіз бе? Жоқ, біз сенбейміз. Басқалар да сенбейді.
Біз емес, саясаттанушы Зәмір Қаражанов осылай ойлайды екен.
– Ақтөбедегі мұнай зауытын билеп-төстеп алған қылмыстық топ осы мақсатта құрылған жүйенің бір ұшығы ғана. Ұрланған мұнай қылмыскерлерді ғана асырамаған, осы арқылы ел аймағындағы бірқатар бастықтар “күн көрген”. Аймақ дегенім өз алдына, қылмыстың басында Астанадағы аға-көкелер тұру ғажап емес. Бірақ, олар ірі ойыншылар. Әрі, күш құрылымдарынан қалай қорғануды білген. Күні бүгінге дейін қорғанып келеді. Ал Мәсімов осы қоршауды бір-ақ күнде бұзды да тастады, – дейді Қаражанов.
Демек, алдағы уақытта мұнай ұрлаған қылмыстық топтың шын қожайыны кім екенін білетін боламыз.
Ол құрықталды кеше.
«Жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары барысында 2016 жылғы 26-желтоқсанда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 185-бабының 3-бөлімінде («Мемлекеттік құпияларды жария ету») және 362-бабының 3-бөлімінде («Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану») көзделген қылмыстарды жасады деген күдікпен Дүтбаев Нартай Нұртайұлы, Хасен Нұрлан Болатұлы және Нұртаев Ерлан Сүйімбайұлы ұсталды», — деген хабар таратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Дүтбаев 2001-2006 жылдар аралығында ҰҚК төрағасы қызметін атқарған болатын.
Дүтбаевтан біраз қорлық көрген журналист Сергей Дуванов оның қай арадан шалыс басқанын болжаған болыпты.
“Ол құпияны айтып қойды. Мұндай адамдар жүйеге қауіпті. Жүйеге қауіпті адамдардың тағдыры қалай аяқталарын білесіздер ғой…” депті Дуванов.