15 желтоқсанда Украинаның Жоғарғы Радасындағы “Батькивщина” партиясының фракциясы депутат Надежда Савченконы құрамдарынан шығарып тастады. Оның ұстанымы мен саяси көзқарасы “Батькивщинаның” мүддесімен сәйкес келмейді делінген фракция мәлімдемесінде.
“Батькивщина” партиясының фракциясы таратқан мәлімдемеде “Біздің саяси күш кез-келген террористермен келіссөз жүргізуге, украиндықтарды өлтіргендерген қарсы амнистия жариялауға және Донбастағы қарақшы топты заңдастыруға үзілді-кесілді қарсы”, – делінген.
7 желтоқсанда Надежда Савченко Минскіде өздерін өздері жариялаған “ЛХР” және “ДХР” лидерлері Игорь Плотницкий және Александр Захарченкомен ресейлік өкілдің қатысуымен кездескен. Украина арнайы қызметінің мәліметіне қарағанда, бұл кездесуде тұтқындарды айырбастау туралы ғана емес, кейбір қарулы қақтығысқа қатысып сотталғандарға амнистия беру жөнінде және Украинаның бағынбай отырған Донбас аумағынан экономикалық санкцияларды алып тастау жөнінде келіскен.
Ресми Киев сепаратистермен тікелей байланысты мойындамайды. Украина президенті Петр Порошенко Савченконың сепаратистермен келіссөзі “не өзінің, не Украинаның пайдасына шешілмейді” деп мәлімдеді. Бірқатар украиндық саясаткерлер мен сарапшылар Савченконың бұл қадамын “ұлттық сатқындық” жасады деп бағалады.
Жоғарғы Рада Савченконы парламенттегі ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі комитеттен шығару жөнінде қаулы дайындап қойды. Мұнан бөлек бірқатар депутаттар Савченко енді Еуропа Кеңесінің парламенттік ассамблеясында Украина өкілі болуға тиісті емес деп отыр.