Нұр-Сұлтан
Қазір
-5
Ертең
-19
USD
525
+1.39
EUR
546
-3.47
RUB
5.09
+0.02

Қайрат Рысқұлбековтың соңғы хаты: “Қазақ қыздарын сүйреген полицей әлі аман-есен жүр”

576

bez-nazvaniya

Қайрат Рысқұлбеков

“Алаңға Қонаевтың күйін күйттеп барған жоқпын”  

“Амансыңдар ма, ардақты асыл анашым, бауыр-ет бауырларым, қадірлі қарындастарым, ақ пейіл жеңешем мен келінім және балдай тәтті қос бөбектерім!”

…Өздеріңізге әбден белгілі, яғни, мен сорлының жазықсыздан-жазықсыз, адам тұрмақ тышқан мұрнын да қанатпай сорлағанымды, темір торға торланғанымды, одан қала берді, түйменің көзіндей тесікке түйедей жала жабумен ақыры, ату жазасын алғанымды. Иә, мен сіздерден еш жасырмаймын, мен 18-желтоқсан 1986 жылы алаңға бардым, көпшілікпен бірге. Барғанда да Қонаевтың күйін күйттеп барған жоқпын.

Тек қана, ол жерге барған себебім, бар мақсатым,

біріншіден, ол жерде не болып, не істеп, не қойып жатқанын өз көзіммен көру болды.

Екіншіден, алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып-соғып, өлтіріп жатыр, дегенді елден естіген соң, өз басым қолымды жайып, «күл болмасаң, бұл бол» деп отыруға еркектік ар-намысым еш жетпеді.

Ер қатарында ер қара боп, саны бар сапасы жоқ боп, ербеңдеп жүрген намыссыз еркек мен емеспін, құдайға шүкіршілік, менің де көркейген кеудемде нағыз ерге лайық «намыс» баршылық. Оның үстіне «қыздың жолы жіңішке» деген.

Менің түсінігімше, әйел адамға ер адамдар тұрмақ, аң екеш аңдардың, хайуандардың еркегі де ұрғашысына мүйіз, я болмаса тұяғын көтермейді. Ал, біз бәріміз де аң емес, адамзаттың ұлы – адамбыз, сондықтан ер адам әйел затына қол көтеріп, қол жұмсауға тиіс емес, әуелі еш правосы жоқ. Міне, қысқаша айтқанда, осындай түсінікпен, әйел затына ер болып өз қол ұшымды беріп, көмектесуге, оларды арашалап – қорғау үшін барғаным рас. Сол жерде қолымнан келгенше бар көмегімді бергенім де рас. Ол үшін әлі күнге дейін, еш өкінбеймін, керісінше, үлкен мақтаныш тұтамын. Бірақ та, бір құдай өзі куә, адам баласын өлтіргенім жоқ. Мұндай айуандық жасаудың өзі, сормаңдай менің қолымнан келмейді. Еш уақытта, ешқашанда…

Ал, әйел затына айуандықпен қол көтеріп, шашынан тартып, көкпарша сүйрегені үшін бір милицияны ұрып-соққаным өте рас. Ол адам, күні бүгінге дейін аман-есен зыр жүгіріп жүр. Өз қолыммен жасаған бар теріс қылық, бар қылмысым осы ғана…

“Өзімді еш ақтай алмадым”

Ал, маған «жығылғанға жұдырық» деп зұлымдықпен мойныма ілген «адам өлімі» – менің ісім емес. Мұның бәрін, ою-қиюын келістіріп көпе-көрнеу жала-жалғандықпен мен сорлының мойнына жүз қайтара орап ілген «ұялмайтын бес гектардай беттеріне талмайтын жақ берген» албасты атқан тергеушілер мен әбжылан жалақорлардың ісі.

Мен өте-мөте жақсы білемін және сеземін. Ол атаңа лағнеттердің бұлай істеген себебі, біріншіден, өлген адам жала жабушы жалақорлардың жақын, бірге істескен таныстары, сол себепті өз таныстарының өш-кегін алу; екіншіден, албасты әбжылан тергеушілердің «қанға – қан, жанға – жан» деп зұлымдықпен «өлген адам» үшін әдейі мені, «менің қолтықтан демеушім» жоқ бейшара екенімді біліп, істеп отырғандары.

Иә, мен сорлылығымнан жазықсыздан-жазықсыз ату жазасын алдым. Өйткені, өзімнің кінәлі емес екенімді, адалдығымды, қолымның қан емес екенін қанша зар еңіреп айтқаныммен өзімді еш ақтай алмадым. Дүниеде, адам баласының өз-өзін ақтауы, өте-мөте қиын екені, кеудесінде жаны барлардың бәріне жақсы белгілі. Сондықтан, маған да бұл жағы өте қиын…

“Ерте ме, кеш пе, нағыз адам өлтіруші қылмыскерлер табылады”

Міне, өздеріңіз естігендей «ату жазасын» 20 жылға ауыстырды. Бұл әрине, біреуге қуаныш, біреуге жұбаныш, ал біреуге азап. Өз басым, бұл үшін еш қуанғаным жоқ. Өйткені, асыл анашым! Түсініңізші мен сорлыны, ешуақытта, ешқашанда бұл тас зынданда жазықсыздан-жазықсыз еш отырғым келмейді. 11 ай ішінде қайғы-қасіреттен жүйке тамырым әбден жұқарды, әбден шаршадым. Сол себепті, жазықсыздан-жазықсыз өз-өзімді 20 жыл бойы еш қинағым келмейді, азап шеккім келмейді. Және сіздерді де қинатып, азаптағым келмейді. Менсіз де, асыл анашым-ай! Тағдырдың тауқыметін көп көрдіңіз ғой. Түсінген жанға сол да жеткілікті. Басыңызды 20 жыл бойы торлаған, сізге қайғы-уайым болмайын. Ардақты анашым! Бар жеткен жерім осы. Аяғыңызға жығылайын! Ақ сүтіңізді ақтай алмай көз жұмып бара жатқаным үшін сорлы балаңызды кешіріңіз! Өтінемін, кешірім өтінемін!

Мейлі, бар ұл-қыздарыңыздың ішіндегі жылан болып туылғаны мен-ақ болайын. Тек кешіріңіз, кешіңіз мен бейбақты, бейшараны, сорлы балаңызды. Кешіріңіз! Бауырларым, сендер де кешіріңдер! Түсініңдер мені және кешіріңдер! Жоқ! Жазықсыз 20 жыл бойы азап шегетін мен емеспін. Ерте ме, кеш пе, нағыз адам өлтіруші қылмыскерлер әлі-ақ табылады. Бұл ақиқат. Жүрегім сезеді. Менің өлігіме, тек жалақорлар мен тергеуші, соттарды кінәлаңдар! Соңғы рет қимастықпен беттеріңізден сарғайған сағынышпен сүйдім!!! Қош болыңдар! Қош бол, жарық дүние! Бар бақытымды о дүниеден табармын. Сағынышты сәлеммен балаңыз…

P.S. Биыл Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толады. Билік бұл күнді елеп ескерер ме екен? ..

 

zheltoqsan1_4

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз