Shyn.kz сайтының журналистері “Білім министрлігі Рахымжан Қошқарбаевты гей қылып қойыпты” деген мақала жазыпты.
Фашизмнің ойрандалған ордасына алғашқы болып жеңіс туын тіккен батыр атамыз қорланды. “Білім министрлігі Рахымжан Қошқарбаевты гей қылып қойыпты” деген шағын ақпаратты елеусіз қалдыра алмай, оқи бастадық.
“Айтылмаса – сөз жетім” дегендей, көпе-көрінеу әділетсіздікке шыдай алмай, қолыма қалам алдым.
Өйткені көзі тірісінде кеңес үкіметінің қыңыр саясаты салдарынан батыр атамыздың ерлігі лайықты бағасын алмаған еді. Десек те, бүгін егемен еліміз ардақты ұлын құрметке бөлеп отыр:
биыл 19-қазанда Рақымжан Қошқарбаевтың туған күніне орай, Елорда төрінде батырдың еңселі ескерткіші бой көтерді.
Сонымен “Шынның” журналистері не дейді:
“Министр атанғалы сыннан көз ашпай, алғыс емес, қарғыс естіп келе жатқан Ерлан Сағадиевтің оқулықтарынан тағы бір масқара табылды. Бұл жолы 3-сыныптың “Әдебиеттік оқу” деген дүбәра оқулығында Рейхстагқа ту тіккен қазақтың батыры Рахымжан Қошқарбаевты қасында болған Гришамен сүйістіріп қойыпты. Екеуі үнсіз құшақтасып… сүйісіпті…
Масқара! Ұлтты қорлаудың мұнан асқан үлгісі болмас. Батырлардың қасында тұрып қызтекелерше сүйіскенін көрген, яғни оқулықты дайындаған авторлар – Әбдікәрім Тазагүл Мұқашқызы, Рахметова Сағира Рахметқызы, Қабатай Бидана Тұрсынханқызы деген бикештер. Бұларды сіз көрсеңіз, бетіне түкіріңіз. Себебі, бұлар тек ұлтымызды қорлап, жас ұрпақтың санасын улап отырған жоқ, тарихты бұрмалап отыр”.
Ызаға булыққан сайт журналистері оқулықтың көзін жойып, білім министрі Ерлан Сағадиевке ауыр айып тағыпты:
„Ал мына “Әдебиеттік оқу” деген дүбара “оқулықтың” тез арада көзі жойылуы тиіс.
Министр мырза жас ұрпаққа білім берумен айналыса ма, әлде оның миссиясы қыздарымызды жалаңаштап, ұлдарымызды гей ету ме?„.
Осы орайда, бірнеше сұрақ туындайды:
Оқулық авторлары қандай тарихты және қалай бұрмалаған? Мақала авторлары суретін берген оқулық бетінде Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың „мойындарын созса, көрініп тұрған Рейхстагқа„ біресе отқа, біресе суға түсіп, кешке қарай әрең жеткені суреттеледі.
Осы ма, тарихты бұрмалау, әлде мынау ма:
„Бұл кезде онсыз да түтіннен көрінбей тұрған қала мұнарта түскен еді. Арт жақтан біздің зеңбіректер оқ атты. Снарядттар толас таппай, үстерінен зу-зу өтеді. Бұл қамалып отырған екеуіне жігер берді де, олардың аяғы-аяғына тимей ұша жөнелді. Айнала күңіреніп, ұлып кеткендей. Әп-сәтте баспалдаққа да жетті. Міне, үйдің қабырғасы. Кірпішпен бітелген терезелер. Құзғын жаудың ұясы. Өзінің де сұры кетіп қалыпты.
– Гриша, шық иығыма! Тік, туды!
Қаңбақтай жеңіл жас жігіт лезде-ақ Рахымжанның иығына шықты. Бітелген терезенің кірпішін түсіріп, жеңіс туын қадады„.
Ал енді журналистің
„…дүбәра оқулығында Рейхстагқа ту тіккен қазақтың батыры Рахымжан Қошқарбаевты қасында болған Гришамен сүйістіріп қойыпты. Екеуі үнсіз құшақтасып… сүйісіпті…„, – дегеніне келетін болсақ, бұл меніңше –
бұзық ниет пен жоқ жерден пәле іздеу.
Әй қайдам, сұрапыл соғыста жауды жеңіп, ту қадаған батыр атамызға журналист айтқан бұзық пиғыл келмеген шығар.
Идеологияға сай, батырдың қарулас досымен құшақтасып сүйісуі олардың қуанышының шыңырау шегі емес пе?!
Ал осы оқулықпен білім алып жатқан 3-сынып оқушылары ойы таза, көңілі пәк жеткіншектер емес пе!
Оқулықта батыр атамыздың өзінің қарулас досымен оңаша шыққан сәті суреттелмеген, керісінше, жауды тұқыртып келе жатқан сәті суреттеген:
„Тағыда артиллерия атысы басталды. Айнала жап-жарық. Осы кезде жау ұясының қақ алдынан жауынгерлерді шабуылға шақырған қызыл ту көрінді. Манағы өздері өткен алаңмен жер қайысқан әскер „уралап„ жүігіріп келеді. Осы кезде жер қозғалып, жаудың соңғы ұясы қалтырап кеткендей болды.
Рақымжан Григорийге, Гриша Рахымжанға қарады. Екеуі үнсіз құшақтасып, сүйісті. Тапсырма орындалды, жеңіс туы тігілді…„
Жоқ жерден пәле іздеп, оқушының пәк көңілін бұзудың реті бар ма еді?
й