Ақмола облысының Шортанды ауданында қырық жылдық тарихы бар Новокубанка ауылдық мәдениет үйі қайта жаңартылады, деп хабарлайды 24.kz.
Бой көтергелі бері күрделі жөндеу көрмеген ғимарат биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қалыпқа келтірілмек.
Берген Жұмкей, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі:
– Мәдениет үйі қабылданғаннан кейін, күрделі жұмыс біткеннен кейін мәдениет қызметкерлері ауыл жастарын өздеріне тартып, жаңадан үйірмелер ашылады. Домбыра, би маманы бізге келді, жаңадан қызметке алдық. Бұрын ондай мүмкіндік болмаған.
Күрделі жөндеу жұмыстары биыл жазда басталған. Сыртқы жұмыстардың өзіне ел қазынасынан 28 млн теңге қаржы бөлініпті. Мердігердің айтуынша, мәдениет үйі толықтай қалыпқа келтіріліп, қараша айында ел игілігіне тапсырылады.
Ерлан Тамабаев, мердігер мекеменің өкілі:
– Жуық арада ішкі жөндеу жұмыстарына да кірісеміз. Құрылыс материалдарының барлығы соңғы үлгідегі. Сыртын жөндеп болып қалдық.
Қазірдің өзінде мұнда 8 бірдей шығармашылық ұжым тіркелген. Ал мәдениет үйінің қайта жаңғыртылуы 2 мыңнан астам халқы бар ауыл үшін Тәуелсіздіктің 25 жылдығында үлкен тарту болмақ.