Уақыт қалай зымырайды ә? Көзді ашып-жұмғанша әке, ата болдық. Қартайыппыз. Уақыт, адам сенен айласын асыра алмайды екен.
Айтайық дегеніміз бұл емес, негізі. Биыл 381 мың бала бірінші сыныпқа барыпты. Осыншама бала мектеп табалдырығынан аттаған. Қуанасың, әрине.
Дәл осы арадан алынған білім баланың санасына сіңеді, әдетіне айналады.
Бала мектеп кезінде қалай қалыптасты, ендеше өмір бойы солай өтеді. Жоқ, рас.
Мысалға, бізді алайықшы. Менің буынымның өкілдері,
қазіргі 50-60 жастағыларды айтамын, әлі күнге дейін коммунистік ізгі арман-мұраттарға сенеді.
Біз білмейді емес, білеміз. Коммунистік жүйенің қандай қанішер екенін, миллиондаған адамды қан қақсатып, миллиондаған адамның өмірін жалмағанынан хабардармыз.
Алайда әлі де болса біздің жүрегіміздің түкпірінде сол бір Ленин атаға деген сыйластық, Сәбет үкіметіне деген ақ адал ниет жасырынып жатыр.
Бұған біз кінәлі емес. Сол кездегі мектеп тәрбиесі сондай болған.
Жә, бізді қойшы. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз мүлде басқа болып өседі. Олар үшін Тәуелсіздік құр сөз емес.
Біздің балаларымыз бен немерелеріміз тәуелсіз елде тәрбиеленуде. Демек, олар осы елді сүйеді. Оның тілі, тарихы мен мәдениетін құрметтейді.
Олар өткен күнді сағынбайды. Олар Сәбет үкіметін сағынбайды. Өткенді сағыну оларға тән емес, әрі түсініксіз.
Олар біздің болашағамыз. Олар тәуелсіз елдің азаматтары. Бізді қойшы, өзінің Тәуелсіздігін Қазақстан осылардың арқасында бекітеді. Нығайтады.
Шүкір…
Серік МӘЛЕЕВ,
Дереккөз: Алтынорда