ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жанынан „Шағымдану„ бөлімі ашылды. Ол жерге кез келген азамат Интернетте Қазақстан заңнамасына қайшы келетін ақпараттың жарияланғаны туралы хабарламасын қалдыра алады.
Бұл туралы Ақпарат министрі Дәурен Абаев Facebooк-тегі жеке парақшасында жазды.
„Аталған бөлімде қолданушы заң бұзушылық категориясын таңдап, материалдың сілтемесін енгізіп, шағымын уәкілетті органға жолдай алады. Біз тіркелу формасының қолданушы үшін барынша ыңғайлы, қарапайым болуын қамтамасыз етуге тырыстық.
Министрлік әрбір шағым бойынша жедел әрекет етіп, жарияланған материалдарға құқықтық баға береді. Егер заңбұзушылық нақтыланса, олар еліміздің аумағында бұғатталады„ деп жазады министр.
Сонымен қатар, Дәурен Абаев өз жазбасында журналистер тарапынан қандай да бір ресурстың не себепті бұғатталғаны туралы жиі сұрақ түсетінін айтып, оған жауап берген.
„Осы орайда біз мұндай ақпарат қоғам үшін ашық болуы керек деп санаймыз. Сондықтан алдағы уақытта ресурстардың жабылуының себебін көрсете отырып, бұғатталған сілтемелер базасын құруды жоспарлап отырмыз„ делінеді жазбада.
Егер өзіңізге немесе жақындарыңызға қауіп төндіретін контентті көрсеңіз, сілтемесін мына адреске жолдауыңызға болады: http://mic.gov.kz/kk/complain.