Қоғам қайраткері, белгілі журналист Сәуле Мешітбайқызы қазақ қыз-келіншектерінің бүгінгі ахуалына алаңдап, отандық баспасөзде үлкен мәселе көтерді. “Көкек ана” көбеймес үшін, тастанды бала өрбімес үшін, қазақ қызының құны арзандамас үшін, отбасы деген киелі дүние шайқалмас үшін ол кісі бүгінгі қоғамға қажетті үш керекті атады.
“Мың жерден жаһандану жағадан алды деген күннің өзінде, осылай. Апырай, біз қайда кетіп барамыз, осы? Тастанды балалардың дені қара көздер, балалар үйіндегі қара домалақтар қаншама? Осының себеп-салдарын іздеп, болашақ аналар тәрбиесіне неге тез арада кіріспейміз?
Менің көптің талқысына тастағым келгені — қыздарымызды бөлек оқытуға күш салу. Бұл жаңалық емес.
Қаны бір, жаны бір, діні мен тілі бір түрік бауырларымыздың бастамасымен ашылған қазақ-түрік лицейлерінің көптеп ашылуы да қыздарымыз бен ұлдарымыздың өресін өсірері һақ. Өйткені аз жылдың өзінде осы лицейді бітірген түлектер білім парасатымен көпшілікке танымал. Әдеп, иба жағынан да өздерін мойындатып үлгерді.
Жағдайы келіп тұрса, ұрпақ үшін екінші әйел алуды заңдастыру керек!
Қалталы биліктегі кей азаматтар (атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық) тоқалдарына үй, машина т.б. алып беріп, бар жағдайын жасағандай кейіп танытып жүр.
Неге оларға басымен істегенін мойынмен көтермеске. Екі әйелге шамасы келмеген адам қалай ел басқармақ?! «Менің аты-жөнімді айтушы болма, мен үшін бірінші кезекте отбасым тұр», — дейтіндер де табылады мына қоғамнан. Қоғамдағы тастанды балалардың денінің әкесі аты-жөнін беруден қашып жүр.
Бұл жерде солқылдақ заңның да кесірі тиіп тұр. Осы тұрғыдан келгенде, «көкек аналарды» ғана емес, «қыран» әкелерді де тұзақтайтын заң керек. Әйтпесе бәрі бекер. Менің айтпағым — солқылдақ заңға «жағдайы келіп тұрса, ұрпақ үшін екінші әйел алуға болады» деп енгізсе. Балаға әкенің ныспысын беруге, балаға бар жағдайды жасауға ерекше талап қойылуы керек. Оны орындамаған жағдайда қызметінен қуылып, қатаң жазалар қолданылса.
Шетелдіктер алатын қыздың құнын белгілеу керек!
Шетелде оқыған қыздардың намыссыздығынан «жиендеріміз» әлемнің түкпір-түкпірінде көбейіп келеді. Күлеміз бе, жылаймыз ба?
Қазақ қыздарының құны неге соншалықты арзандап кетті, ағайын? Мысалы, Мысырда жат жұрттың қызын алатын болса, 100 мың АҚШ долларын сұрайды. Өзге де елдердің қыздары алтыннан ардақты.
Ал біздің қыздарымыз тышқақ лақ құрлы жоқ па? Кім көрінген пайдаланады, еліне жетектеп алып кете береді. Яғни ондай күйеу болғысы келгендерге заң жүзінде тосқауыл қою қажет. Мысыр, немесе Түркіменстан сияқты қымбат баға қоялық. Сонда ол намысымызды да, қыздарымызды да қорғайды. Өзге де елдерде қыздары алтыннан ардақты. Ал бізде ше? Өзіңіз ойлай беріңіз…
Мақаланың толық нұсқасымен мына сілтемеден таныса аласыздар”.