Орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы аргентиналық Серхио Мартинес WBA (Super), IBF, IBO және WBC (Interim) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль “Канело” Альварес жекпе-жегінің биыл өтпеуіне байланысты пікір білдірді.
Мартинестің айтуынша, бұл жекпе-жек таяудағы 4-5 жылда өтпейді, – деп хабарлайды Vesti.kz.
“Мен Канелоның неліктен титулдан бас тартқанын білмеймін. Бірақ мен бұл жекпе-жектің ешқашан болмайтынын білемін. Ең көп дегенде, 4-5 жылдың ішінде өтпейді. Жекпе-жек болмайды, себебі ол Golden Boy үшін тиімді емес
– деді Мартинес FighthubTV арнасына берген сұхбатында.
Еске салайық, осыған дейін тараптар бұл жекпе-жекті биылғы мамыр айынан бастап талқылапты, алайда келіссөздердің кезекті раундынан кейін оны келесі жылға шегеріп қоюға келісіпті.