Орыс шовинизмі шектен шығып бара ма, қалай? Біраз уақыт басылған сияқты едік. Ақылына келді ме деп ойлап едік. Қателесіппіз.
«Солтүстік Қазақстанды Ресейдің жері» деп санайтын және ол туралы биік мінберден ұялмай айтатын “ЛДПР” деген партияның көсемі Владимир Жириновский тағы «тіріліпті».
Партияның Мәскеуде өткен съезінде Жириновский Кеңес үкіметінің құлағанын трагедия санайтын талай адамның ішінде бұғып жатқан ой-арманды сыртқа шығарыпты.
«Орыстарды қудалау тоқтатылсын!». «КСРО-ның шекарасы кері қайтарылсын!», «Ұлы Ресей, оян!».
Иә, Жириновский дәл осылай депті және бұл ол басқаратын партияның ресми ұраны болмақ.
Оны не түлен түртті? Сөйтсек мұның себебі бар екен.
«Орыстар Орталық Азиядан, Кавказдан, Украинадан және Балтық елдерінен қуылды. Бұл әділеттілікке жатпайды»,
депті “Жирик” (орыстар оны солай атайды).
ЛДПР партиясының съезінде Госдумаға өтетін депутаттардың тізімі белгілі болды. Әрине, оларды “Жирик” бастап барады.
Ал Госдума сайлауы 18 қыркүйекте өтпек.
Мынадай ұрандарымен Жириновский басқаратын партия сайлаушылардың қанша пайыз дауысын иленеді екен? Көрейік. Күтейік. Аз болса, орыс өзгерді деген сөз. Ал көп болса…