Сіз Павлодардың дәл іргесіндегі ауылдың аты – Ленинский екенін білесіз бе? Бұл үлкен ауыл. 10 мың халық тұрады. 90 пайызы қазақ. Бірақ, ауылдың атымен қоса, көшелерінің атауы да тегіс орысша. Анығында, ауыл тұрғындары үшін түк өзгермеген. Әлі сол «сәбеттік» кезеңде өмір кешуде.
Керекудегі сөзін әкім де, әлеумет те тыңдайтын ықпалды ақсақалдардың бірі Махмет Демесінов осылай дейді. Ақсақал Павлодар қаласының іргесіндегі Ленинский кентінің бүгінгі жағдайын айтып берді. Не күлерімізді, не жыларымызды білмедік. Сіз де бір шолып өтіңіз:
«Әй, қарғам, мына ауылдың атын өзгертейік. Коммунизм әлдеқашан «өлген», күн-көсемнің сүйегі әлдеқашан шіріген. Ауылдың атауын өзгертсек, енді ешкім басымызды кесіп алмас», – деймін.
Жоқ, қорқыныш емес, қорқақтық. Орыстар өре түрегеледі, қарсы болады деген.
Бірақ, орыстар да ақымақ емес қой. Осыны ұқпайды. Олар көніп отыр. Біліп отыр Лениннің дәуірі де, күні де әлдеқашан өткенін.
Айта-айта ауыз талды. «Ленин екі туып, бір қалғанымыз ба?» дедім бір жолы.
«Ақсақал, алдымен халықпен кеңесейік» дейді әкім.
«Әй, халқың келісіп отыр. Міне, мың адам қол қойған, қарашы. Арасында орыстар да жүр. Козлов, Иванов… Көрдің бе?», – деймін мен. Болмайды.
Ленинский… Аты жаман. Кейде ауылдың әкіміне де, қаланың әкіміне де намысына тигізе айтамын.
«Қазақ хандығының 550 жылдығы деп жатыр, ендеше, ұлттық тарихымызды ұлықтамаймыз ба? Ескерусіз келе жатқан бабалардың атын неге тірілтпейміз?»
«Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 25 жыл. Ал Ленин әлі тұр. Ауылдың Ленин деген атының өзгермеуінің өзі біздің Тәуелсіздікке сын емес пе?!».
Олай да айттым, бұлай да айттым, болмады. Ауылдың аты өзгерген жоқ, әлі тұр.
Біз Ленинский кентінің тұрғындарымыз…
Ауылдағы ақсақалдар мынаны ұсындық:
Ленин кентінің атауын ХІХ ғасырдағы қазақтың аса көрнекті саяси тұлғасы Қазанғап Сатыбалдыұлының атын берейік. Ленинге қарағанда, осы Қазанғаптың еңбегі көп сіңген шығар қазаққа…
Екінші мәселе, кенттегі көшелердің атауы.
Жоғарыда айттым ғой, ауыл әлі Кеңес үкіметінде өмір сүреді деп. Сол сөзімде бір түйір өтірік жоқ.
Ауылдағы көше атауларын естісеңіз өзіңізді Ресейдің деревнясында жүргендей сезінесің. Міне, солардың бір парасы:
«Добролюбов», «Маслозаводская», «Элеваторная», «Саратовская», «Павлодарская», «улица Автомобилистов», «Терешкова», «Тухачевская», «Карьерная», «Титова»… осылай жалғасып кете береді.
Қайсібірін айтайын. Көше көп, барлығының атауы орысша. Жарайды, имантаразы ат болса, бір сәрі.
Бұл сонау тың игеру жылдарында (тіпті, одан әріге кетіп қалуы ғажап емес) қойылған көше атаулары. Содан бері түк өзгермеген.
Ал әкім ше? Алақандай ғана ауылдың атауын өзгертуге қаймығып отырған әкім көше атауларын өзгертейік дегенді естігенде, ат-тонын ала қашатын шығар.
…енді есіме түсті. «Пионерская», «Станционная», «Линейная», «Ермаковская», «Целинная». Міне, тәуелсіздімізге сай келмейтін, моральдық жағынан ескірген көшелердің тағы бір парасы. Қателеспесем, барлығы 60-қа тарта көше бар.
Осылардың арасында – Мәншүк пен Әлияның есімі берілген екі көшенің ғана аты қазақша. Өзге көшелердің көпшілігі күтімді. Ал мына екеуінің кетеуі кетіп тұр. Кенттегі қазақша аталатын жалғыз екі көше…
Енді, үшінші мәселе. Осыған қатысты. Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова атындағы көшелерді көше деуге келмейді.
Ені тар, небәрі 70-80 үйден тұрады. Жолдары ой-шойқы. Күн ысыса, шаңы бұрқылдап, жаңбыр жауса, лайланып, елді әбден әбігерге салады.
Ойлап қараңыз, кенттегі шағын көшеге – Әлия мен Мәншүктің атын 1968 жылы беріпті. Содан бері жөндеу көрмеген. 40 жылдан асты…
Ауыл әкімі Жеңіс Әбікеннен қайыр жоқ.
Павлодар облысының қазіргі әкімі Болат Бақауов қаланы басқарып тұрған кезде қабылдауында болдым. «Қаржы жоқ» деп шығарып салды. Ылғи осы.
Қазаққа қажетті дүниелерге келгенде қаржы табылмайды. Неге?
Аль ФРЕДО