«Халықтың көші-қоны» туралы заңдағы 49-шы баптың, 9- шы тармағы Қытай қазақтарының Қазақстан аумағында тұрақты тіркелуіне кедергі келтіруде. Ал тіркеуі жоқ адамға оралман куәлігін де, Қазақстан азаматтығын да рәсімдеу мүмкін емес. Соның салдарынан Қытайдан келетін қазақ көші тоқтап тұр.
Қоғам белсендісі, ақын Ауыт Мұқибекұлы заңдағы осы баптың алынуы үшін талайдан бері табанды қарсылық көрсетуде. Осыдан біраз уақыт бұрын ол ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің атына арнайы хат жолдап, онда қоғам белсендісі былай деп жазған еді:
«Өткен жылы өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, қайта қабылданған заңның өзіңіз редакциялап ұсынған 49-шы бабының ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін алынбаған сотталғандығы бар деген 9-шы тармағы Қытайдан келген қандастарымыздың Қазақстан республикасы аумағында тіркеуге тұруына кедергі келтіріп отыр».
Ал Қытайда мұндай қылмыс жасаған адамға онсыз да төлқұжат берілмейді. Қытай тарапы біздің Ішкі істер министрлігінің арнайы сұрауына осындай мазмұндағы ресми жауап қайтарған.
Алайда Үкімет те, Ішкі істер министрлігі де осыны біле тұра, заңға арнайы бап енгізіп жіберді. Заң қабылданып кетті.
Ауыт Мұқибекұлының айтуынша, арнайы нормативтік актілер арқылы бұл бапты өзгертуге болар еді. Өйткені, Қытайдан келген қандастарымыз тұрақты тіркеуге тұра алмай жүр — заң қабылданғалы бері тұрақты тіркеуге тұрған ешкім жоқ.
— Қытай соттылығы болмағаны туралы анықтама бергенімен, мөрі, арнайы стандарты, жоқ құжат береді. Ол анықтаманы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің Консулдық бөлімі растауы тиіс. Ол үшін келген еліңнің құзыретті органының мөрі басылуы керек екен. Ал Қытай елшілігі ешқандай базада тіркелмеген құжатқа мөр басып, куәландырмайды. Соның салдарынан қандастарымыз тұрақты тіркеуге тұра алмай сандалып жүр, алды кері қайтуға мәжбүр. Бұл мәселе туралы көп айтылды, жазылды. «Халықтың көші-қоны туралы» заңы парламентте 8 ай бойы қаралды – оның ұзақ талқылануының бір себебі осы болған еді.
– Сіздің талап-арызыңызда бұдан басқа талаптар бола ма?
– Жоғарыда айтылған заңның 49-бабы, 9-тармағын Қытай қазақтары үшін өзгертетін нормативті акт қабылдау, екіншіден, осында көшіп келгендеріне біраз жыл болған, бірақ заң кесірінен ел азаматтығын ала алмай, тұрақты тіркеуге тұра алмай жүргендер үшін олардың құжатының, визасының уақытының өтіп кеткеніне қарамастан, тұрақты тіркеуге алу туралы шешім қабылдау талаптар қоймақпыз.
– Бұған дейін жазған хаттарыңызға қандай жауап алдыңыз?
– Кемі Премьер-министрдің атына 10 хат жазылған болуы керек. Бірақ ол хаттарды Сыртқы істер және Ішкі істер министрлігіне жолдайды. Олар Қытай Үкіметі соттылығы туралы анықтаманы береді деген жауап беріпті. Ал ол анықтаманың бізде жарамсыз болып жатқанымен шаруасы жоқ. Мен 345 адамның қолы қойылған хат та жолдадым. Бірақ, жауап әлгідей.
Ауыт Мұқибекұлының адвокат болуға келіскен Абзал Құспан мырза осы заңдағы осы былықтар үшін премьер-министр Кәрім Мәсімовты сотқа беруге болатынына сенімді
– Бұл негізінен азаматтық талаптар. Мұндай талап бойынша, кез келген азамат сотқа арыз беріп, өз құқығын қорғауға құқылы. Жалпы, мен Ауыт Мұқибекұлының жіберген материалдарымен таныстым. Сотқа беруге негіз бар. Өйткені Қытайдағы қандастарымызға ата-бабасының жеріне оралуға жоғарыда айтылған заңның 49-бабы мүмкіндік бермейді. Қытай қазақтары бізде тұрақты тіркелу үшін ол жақтан ауыр және аса ауыр қылмыс жасамады деген анықтама әкелуі тиіс. Қытайда ондай анықтаманың бірыңғай үлгісі жоқ – әр мекеме өз бетімен береді екен. Ал Қытайдың Сыртқы істер министрлігі мұндай құжаттың бүкілқытайлық бірыңғай үлгісі болмағандықтан оны растаудан бас тартады. Сөйтіп, бір жапырақ қағаздың салдарынан Қазақстанға қоныс аударуға ниетті қандастарымыз көп жылғы арманын жүзеге асыра алмай отыр. Көш тоқтағалы бірнеше жылға аяқ басып барады.
– Сіздіңше, бұл істің нәтижесі қалай болуы мүмкін?
– Мен құмалақ ашып, болжай алмаймын. Егер мен Еуропа елдерінің бірінде тұрсам, біз қандай да бір нәтижеге қол жеткіземіз деп айта алар едім. Алайда, Қазақстан секілді авторитарлық мемлекетте олай айта алмаймын.
Бізде бұған дейін Премьер-министрмен соттасуға ешкімнің жүрегі дауаламаған.
Мен қазір бұл іспен танысудамын. Ауыт Мұқибекұлына «тұрақты тіркеуге тұра алмай, аталған анықтаманы ала алмай жүрген оралмандардың атынан сенімхат алыңыз немесе оралмандардың құқығын қорғайтын қоғамдық бірлестіктің атынан шағымдануға болады» деп жаздым. Себебі, бұл жерде оралмандардың құқығы бұзылып отыр. Онсыз сот процесі басталмауы мүмкін.