Қазақ жерінде Ресей иелігіндегі 7 әскери полигон бар. Әлі күнге дейін Қазақстанның 11 миллион гектар жері Ресейдің әскери полигондарына жалға беріліп отыр. ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров мәлімдегендей, қазір Ресей Федерациясы полигондар үшін жалға алған жердің әр гектары үшін Қазақстанға жылына 2 доллар 33 цент төлеп отыр екен.
Алайда Ресей тарапы полигонды жалдағаны үшін ақшалай өтемақымен қатар, ескі-құсқы техникасын да өтемақы түрінде тықпалауын тоқтатар емес. Оралдық заңгер Абзал Құспанның айтуынша, бұл жердегі мәселе тек жердің ақысында ғана емес, әлдеқайда тереңде.
– Өз аумағын өзге елге әскери сынақтар үшін беріп қою – елдің тәуелсіздігіне күмән, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін жәйттер. Бірақ мұны заңсыз дей алмаймыз, екі ел арасында белгілі бір деңгейде келісім-шарттар бар. Белгілі бір сомаға жалға беруге келісілген. Алайда, жалға алушы тарап сол ақыны қаншалықты төлеп отыр, мәселе сонда. Осы мәселемен айналысқан тұста Ресей тарапының Қазақстанға айналымнан шығып, жарамсыз болып қалған әскери техникасы, қару-жарағын сол ақыға айырбас ретінде беріп келгенін дәлелдейтін жайттарға куә болдық. Төлем ретіндегі тағы бір айырбас – сол полигон аумағында тұратын жергілікті халық өкілдерінен Ресейдің әскери оқу орындарында маман даярлап беру болып отыр. Өтемақының бұл екі түрі де Қазақстан үшін өте тиімсіз, тіпті, қауіпті. Себебі, ресейлік қару – алда-жалда солтүстіктегі көршімен ортада жанжал туа қалса, жарамды болуы неғайбыл. Ал, ресейлік әскери оқу орнында оқып, солардың идеологиясымен даярланған әскери маман – ҚР Қарулы күштерінің сенімді офицері болады дегенге сену қиын. Сондықтан, мүмкін болса, бұл полигондардың мемлекеттік қауіпсіздікке, жергілікті экологияға келітіретін зардабын ескере отырып, жабу қажет. Ал, оған дейін өтемақыны нақты ақшамен есептесуді талап ету керек, – деген пікірде Абзар Құспан.
Біздің де айтпағымыз, әлемдік аренада беделі әлсіреп, қуаты қайтқан Ресейдің осы шағын пайдаланып, жалпы аумағымыздың 4,04 пайызын құрайтын әскери сынақ алаңдары үшін неге ақырып ақы сұрамасқа, немесе ол жерлерді неге кері қайтарып алмасқа?