Алматыда заманауи газ құю стансасының құрылысы басталады. Мұндай келісім-шартқа «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Мұрат Дәрібаев пен жобаның жеке инвесторы «Auto Life» ЖШС директоры Андрей Чередников қол қойды.
Заманауи автогаз құю стансасын салуға 180 млн теңге бағытталмақ. Стансаны салу «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қаланың атмосферасын жақсарту жолындағы басым бағыттарының бірі болып отыр.
Мамандардың айтуынша, табиғи газ бензин мен дизельден 2-3 есе арзан әрі табиғатқа келтіретін зияны да аз. Әрі 1-1,5 жыл ішінде белсенді жұмыс жүргізілсе, салынған шығындар өзін өзі ақтайды.
Жоба «Алматы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге аспақ.