Белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғали БАҚ арқылы ел Президентіне хат жолдады. Біз сол хаттың мәтінін оқырман назарына ұсынбақпыз:
«Бізде не қазақша, не ағылшынша білмейтін, тіпті, дұрыс сөйлей алмайтын шала-мамандар қаптап кетті. Президент әкімшілігінде жұмыс істейтін «шала жігіттер» талай «шала продукт» дайындап, президентіміздің абыройын талай төкті.
Бірде мені Астанада министр шақырды. Бір керемет жобалар ұсынар ма десем, ол маған: «Әзімбай, Олжасқа тиіспеші», дейді. Оны барша қазақ жек көрсе, мен қалай араша боламын дедім де, құрқол қайттым.
Нұреке, сіз мұндай кәсіби шалалыққа қалай төзесіз? Саны бар, сапасы жоқ саясаттанушылар, әлеуметтанушылар мен тарихшыларымыз ғылым әлемінде мүлдем белгісіз. Солардың салдарынан сіз шынайы ақпарат ала алмай келесіз. Өңкей орысшыл бірдеме. Бұл істі бір аршысаңыз – көзіңіз жетеді.
Қазақтың бір лауазымды ғалымсымағы шетелге баяндама жасауға бара жатып, шетелдің кеденінде «еркексіз бе, әйелсіз бе», деген анкета сұрағына жауап бере алмай, кеденшілерді қатты күлдірген.
Ондай ғалымдар шетелде туалет таба алмай масқара болады.
Мен талай шала-ғалымдармен қызметтес болдым, бірге жұмыс істеуіме тура келген. Қазір солардың біразының қызметі жоғарылады. Кешегі жер дауында біздің сансыз саясаттанушыларымыз халыққа ештеме түсіндіріп бере алмады. Біз өткен дағдарыстан президенттің интуициясы мен икемділігінің арқасында шықтық.
Құрметті Президент, мен кадрлық саясатқа араласпай-ақ қояйын: Сізге онсыз да «ананы ал, мынаны қой», деушілер көп шығар. Тек кадрлардың сапасы туралы айтамын – оңы мен терісін өзіңіз біліңіз.
Құрметті Президент, жоғарыда айтылған топастар, шала-ақылгөйлер сіздің де, еліміздің де түбіне жетеді. Қазіргі саясаттану мен әлеуметтанудағы ең негізгі объект және саяси субъект – ол қазақтар. Сондықтан қазаққа бет бұру керек!
Құрметпен, Әзімбайың»,
– делінеді бұл хатта.