Кеше Қызылорда қаласындағы Сұлтан Бейбарыс пен Ғани Мұратбаев көшелеріндегі екі көпірдің арасын байланыстыратын Сырдария жағалауындағы жолдың құрылысы басталды.
Жалпы ұзындығы 5 шақырымды құрайтын бұл жолдың ені 9 метр. Мұнда автокөліктерге арналған 2 жолақты және жаяу жүргіншілер соқпағы мен велотрек болады. Жол бойында 6 аялдама салыну көзделіп отыр. Сонымен қатар, жағалау толықтай абаттандырылып, жарықтандырылады. Жобаның жалпы құны 2 млрд. 122 млн. теңге.
“Жаңа жол қаладағы көп мәселені шешуге мүмкіндік береді. Өзен жағасында орналасқандықтан, дарияның табанын тазалап, жағаны бекітеміз. Сондықтан бұл жол бөгеттің де қызметін атқарады. Аудандардан келген автокөліктер айналма жол арқылы қалаға кірмей әуежайға шығады. Яғни, қаладағы көлік кептелісі де азаяды. Ең бастысы, бұл жол сол жағалаумен байланыстыратын жаңа көпірге апарады. Тұрғындар демалып, велоспортпен шұғылдануға да ыңғайлы,”
– дейді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары қазан айында аяқталып, пайдалануға беріледі. Бұл жолдан бөлек Ғ.Мұратбаев көшесінен Әбілхайыр хан көшесіне дейін 1,5 шақырым жол салынады.
Бұларға қоса, сол жағалаумен байланыстыратын негізгі көпір құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоба құны 5 млрд. 975 млн. теңгені құрайды. Биыл осыған орай, республикалық бюджеттен 2,6 млрд. теңге, ал жергілікті бюджет есебінен 252,8 млн. теңге бөлінген.
Қазір мұнда 40 техника, 200-ден астам адам жұмыс істеп жатыр. 4 жолақты жаңа көпірдің ұзындығы 386 метр, ені 3,5 метр. Көпір биыл пайдалануға беріледі.