Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
17
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

73-ші сессия: Қазақстан жаһандық қауіпсіздік жолында

157

Айта кетсек, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Нью-Йорктегі мерейтойлық 70-ші сессиясында Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев айшықты мәлімдеме жасап, бірқатар үлкен бастама көтерген болатын.

Сол кездегі сессияда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөздері ірі халықаралық БАҚ-дың назарын аудартқан еді:

Алдымен Нұрсұлтан Назарбаев 2045 жылға дейінгі жаһандық даму жоспарын құруды ұсынып, «Жаһандық стратегиялық бастаманың 2045 жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Оның мәні — барлық ұлттардың әлемдік инфрақұрылымға, ресурстарға және нарықтарға қол жеткізуінің әділ шарттары негізінде әлемдік дамудың жаңа трендін қалыптастыру, сондай-ақ адамзаттың дамуы үшін жалпыға ортақ жауапкершілікті орнықтыру», деген болатын.

БҰҰ-ның Экономикалық және Әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму Кеңесіне айналдыру керек деген ұсынысында «оның құрамына Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы сайлаған мүше мемлекеттермен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелерінің барлық басшылары, соның ішінде Халықаралық валюта қорының да басшылары ене алар еді. Кеңеске Жаһандық экономикалық реттеушінің міндеттері жүктелуге тиіс», деді.

Сонымен қатар, «терроризм мен діни экстремизмнің қауіпі жаһандық ауқымға жайылып барады. БҰҰ қолдауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құруды ұсынамын» деп, ұлттық әлемдік валютаның құрылуы мен терроризмге қарсы күрестің бірыңғай әлемдік жүйесін құру, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі санкциялары мен айрықша құзыреттері туралы айтып еді.

Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясының жалпы пікірсайысында ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларация қабылдау керектігін атап өткен. Ол Алматыда өткен Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің екі кезеңін, сонымен қатар елде МАГАТЭ-нің Халықаралық аз байытылған уран банкін құру жайын еске салды. Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік валюта әзірлеу бағытындағы БҰҰ-ға мүше елдердің күш-жігерін біріктіруді ұсынған. Қазақстан басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясының трибунасынан жаһандық дағдарыспен күресті қазіргі кезде заңдылық, демократиялылық, бәсекелестік, тиімділік және халықаралық бақылау ұстанымдарына сай келмей отырған эмиссия мен әлемнің резервтік валюталары айналымын реттеуден бастау қажет екендігін атап өтіп еді. «ХХI ғасырда әлемге сапалық тұрғыдан жаңа қаржы құралдары керек. Жаһандық орнықты даму мен өсіп-өркендеудің мақсаттары мен міндеттеріне сай келетін ұлт үстілік әлемдік валюта әзірлеу бағытындағы БҰҰ-ға мүше елдердің күш-жігерін біріктіру қажет», деді Н.Назарбаев.

Ал сөз соңында ҚР Президенті БҰҰ штаб-пәтерін Азияға көшіруді ұсынды. Ол 70 жыл бұрын Женевада Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған кезде оның штаб-пәтерін Нью-Йоркте орналастыруға шешім қабылданғанын еске салған.

«Бұл сол кезеңде халықаралық қатынастар бойынша Батыс Жарты шарының ролі артқандығына байланысты болған еді. Әлемді дамыту орталығы Кәрі құрлықтан Жаңа құрлыққа, Еуропадан жаһандық өрлеудің жаңа орны – АҚШ-қа, Нью-Йоркке ауысты. Содан бері көп нәрсе өзгерді, әлем өзгеше қалыптасты. 21 ғасырда даму орталығы әлемнің ең үлкен құрлығы — ғаламшар тұрғындарының үштен екісі мекендейтін, ірі ресурстар шоғырланған Азияға қарай ойысуда. Азияның дамып келе жатқан экономикаларының қуатты серпіні жаһандық үдерістердің жаңа сипатын танытты. Осы үдерісті ескере отырып, мемлекеттердің өзара қарым-қатынасына жаңа серпін беру үшін бұл тарихи мүмкіндікті пайдаланудың маңызы зор. Сондықтан БҰҰ штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесін ойластыруды ұсынамын», — деп өз мәлімдемесін түйіндеген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кету керек, БҰҰ Бас Ассамблеясы – Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі алты органдарының бірі болып табылады. Және Бас Ассамблея – барлық мүше-мемлекеттер өкілдерінің саны бірдей болып табылатын жалғаз орган. Мұнда бір мемлекет тек бір дауыс қана бере алады.

Біріккен Ұлттар ұйымының барлық мүшелері – барша 193 мемлекет осы бір бірегей форумның қатысушысы. БҰҰ жарғысы бойынша, БҰҰ Бас Ассамблеясында даму, бейбітшілік пен қауіпсіздік, халықаралық құқық сияқты кең ауқымдағы көптеген халықаралық мәселелерді шешу жолындағы барша әлемге ортақ іс-әрекеттер жайы жалпы талқыға салынады.

Әрбір жыл сайын қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясындағы барлық мүше-мемлекеттердің өкілдері Бас Ассамблеяның сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркте жиналып, бас қосады.

Жоғары деңгейдегі жалпы пікірсайысқа Қазақстан делегациясы биыл да қатысады. Қазақ елінің делегациясын Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бастап барады, дейді ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдері.

24-29 қыркүйек аралығында Қазақстан делегациясы Нью-Йоркте өтетін БҰҰ 73-ші Бас Ассамблеясының жұмысына қатысады. Бұл туралы ҚР сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің басшысы Айбек Смадияров апта сайынғы брифингте мәлімдеді

Қайрат Әбдірахмановтың сөйлейтін сөзі қыркүйектің 28-іне жоспарланған.

Қазақстандық делегация көптарапты форматтағы түрлі кездесулерге қатыспақ: БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-ші сессиясының жалпы пікірсайыстарының ашылуы; Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК – СВМДА) елдерінің сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі; ҰҚКҰ (Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымы) мемлекеттерінің сыртқы істер министрлерінің өзара кездесуі; БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бірқатар маңызды отырыстары; Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Министрлер кеңесінің бейресми кездесуі.

Қазақстан бұл жолы да БҰҰ Бас Ассамблеясына құралақан бармайды. Бас Ассамблеяда біздің еліміз үшін ең маңызды оқиға – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл бастамасымен әзірленген

«Терроризмнен ада бейбіт әлемге қол жеткізу жөніндегі іс-құлық Кодексін» таныстыру шарасы болмақ.

Кодекстің негізгі мақсаты – 2045 жылы БҰҰ-ның жүз жылдығына орай терроризмге қарсы күрес және терроризмнен еркін әлемге қол жеткізу бойынша серіктес елдердің кең халықаралық коалициясын құру.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз