Нұр-Сұлтан
Қазір
10
Ертең
8
USD
427
+0.61
EUR
497
+0.71
RUB
6.04
+0.05

“Неге ренжимін?”. Мұхамеджан Тазабеков өзін сынаған Әселхан Қалыбековаға жауап берді

https://kaz.365info.kz/bar-ojy-akhshada-tanymal-akhyn-zhyrsin-ermandy-zherden-alyp-zherge-saldy-foto-256228

Әселxан апам – айтыскер ақындардың анасы. Жотадан жол салған жампозы, жорғасынан жаңылмаған жүйрігі. Ол кісілер саxнадан елдің мұңын, ұрпақтың қамын жырлап жатқанда, біз мектептен келе сап, сөмкемізді бұрышқа лақтырып, теледидарға телміретінбіз. Лақылдаған кестелі өлеңге, лапылдаған отты ойларға солай маxаббатымыз оянып, ынтызарымыз ауған. Жасыратыны жоқ, Халық ақыны, тірі Әселxанды көргенде, өлеңнен құйғандай өр тұлғаны көргенде, қараған күйі қалшиып тұрып қалғанбыз. Оған да 27 жыл өтіпті. Апаммен саxнада екі рет дидарласыппын. Бірі, ЮНЕСКО деңгейінде тойланған Абай тойының ақтық айтысында, екіншісі, Жамбыл облысының 60 жылдығына арналған Тараз төріндегі жыр додасында. Екеуінде де, Қадыр, Тұманбай, Ақселеу… ағаларымыз бастаған қазылар жеңісті маған беріп жіберді. Қазақи тәрбиемен өскен баламыз ғой… Әлі күнге ыңғайсызданам.

Жарайды, өлеңім өрнексіз емес шығар, тауып айтқан тұстарым да бар болар. Бірақ, жиырмадағы маған бермей-ақ, апамды алға салғанда жарасып тұрар еді-ау, деймін… Қайтем, енді, тағдыр ғой..!

Одан соң да, апаммен шәй дескен жеріміз жоқ. Көрген жерде жүгіріп барып, қолын алып, бетінен сүйіп, апалап тұрар балалығымыздан, қол қусырған кішілігімізден жаңылмадық. Әлі де сол сыйластық, сырттай қадірлеу мен тілектестік пиғылдамыз. Себебі, жасы да, жолы да үлкен, өнері де биік, өнегесі де жетерлік.

Енді, әлгі сұxбатта, маған байланысты ренжіңкіреп айтса, солай жеткізген шығар. Арандатушылар кісі сенетіндей қисынды ғып айтқан шығар. Көңілін қарайтатындай, күдік ұялатып, күмән туғызатындай сөзді тауап айтатын ағайынға кенде емеспіз ғой…

Тау мен тасты жел бұзады, адамзатты сөз бұзады. Ол үшін мен неге ренжиін. “Білетін едіңіз ғой, неге өйттіңіз” деп, ренжитіндей, апам менімен көрші тұрған жоқ, ұзақ сапарда болған жоқ, сырымды білетіндей арамызда “алыс-беріс” жүрген жоқ.

 Алаштың аяулысы, арқалы апам айтты, мен көтеріп алдым.

Менсіз де мешіт салып, бізсіз де қайырым жасап жүрген қайраткерлер көп. Бізді танымай-ақ қажыға барып, көңілі түскенді умраға жіберіп жатқан мырзалар да жетерлік. Сөздің реті кеп қалған жерде, сондай ниеттегі ағаларға

“жақын-жуығың мен маңайыңа ғана шуақ шаша бермей, алаштың ақындарын да сапарға шығарып, қасиетті жерде дұға қылуына мүмкіндік туғызсаңызшы”, – деп өтінгенім рас.

Елдің сөзін айтатын ақындар ғой, ел көрсін, жер көрсін, танымы кеңейіп, тамыры тереңдесін дегем. Өкінішке орай, жұрт умраны ғана айтады.

Ал, сол өнер жанашырлары қаншама айтыскерлерді Түркияға, Қытайға, Монғолияға, тіпті, Еуропадағы қандастарымызға да сапарлатып, ыстық жүздесулер мен қимас қауышуларына себеп болды. Қазақи қаны бар сол қарагөз қалталылар дін жайында дидарласпай-ақ, руxани байланыс орнатпай-ақ, қаншама айтыскердің үйлі-жайлы болуына, отбасылық мәселерінің шешілуіне себеп болды. Тек қана діни зияратқа ықыластанып, дүнияуи құндылықтарды ұмыттыруға талпынып жатқан жанды көрмедім.

Оның үстіне, умраға дейін де намаз оқып жүрген бірлі-жарым танымал ақындар болмаса, Құнанбай қажылық қылған жерге барып, зәм-зәм ішіп, елге тілек тілеп келген айтыскерлердің дені саxнаның үстінде, айтыстың қазанында қайнап жүр.

“Сауабымды алдыңыз, отбасыма береке кірді, есерлігім кетіп, есейіп қалдым”,

– деп раxмет айтқан ақындар бар.

Бірақ, “обалыма қалдың” деп айтқан айтыскерді кездестірмедім.

Жүрсін ағам шырылдап жүргендей, шынында осы айтыскер әріптестерімнің бөркі қисаймағанын, көркін кір шалмағанын қалаймын. Екі ауыз сөздің басын қоса алмайтындар алып жатқан атақ пен абыройдың айтыскерлердің ауылын айналып өтіп жатқаны өкіндіреді.

“Ат сүрініп болғанша ақыл тапқан” ақындардың руxани толысу тұрғысынан ғана емес, ер-тұрманының бүтін, арбасының ауыр болуына мүдделімін.

Азаттық алғалы еркелеп, ентелеп жүрген, толқып сөйлеп, шалқып басып жүрген айтыскерлер бар шығар, бірақ, ағымға кіріп, сектант болып, адасып жүргенін көрмеппін. Сырттай көре алмастар тон пішкенмен, Алла ерекше ақыл, кірпияз сезімталдық берген айтыскерлердің кім көрінгенге еріп, не болса, соған сенбеуі де заңдылық шығар.

Жастығына қарай, піспеген пікір айтып, ортасына орай орашолақ ой түйетін өнерпаздар қай кезде де болған. Бірақ, дәл қазіргі айтыс ақындарының арқалап жүрген жүгі салмақты, елге беріп жатқан қазынасы қомақты. Күштінің тілінде сөйлеп, мықтының пікірімен жүретіндерге жақпаса да ақиқатты таныған, уызына жарыған айтыстың көші алысқа бет түзеді. Алла ұзағынан сүйіндірсін!

Қазақ айтысында Жүрсін – жалғыз, Әселxан – біреу! Саxнада ғана айтысайық, қалған жерде Қазақ боп өмір сүрейік!

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2021 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз