Қазақстандық 15 жастағы футболшы Кәрім Меңдіқанов Испанияның әйгілі «Барселона» клубымен ресми келісімшартқа қол қойды. Осылайша, ол каталониялық клубпен келісімшарт жасасқан алғашқы қазақстандық атанды.
Жас вингер қуанышты жаңалығын өзінің Instagram-дағы парақшасында жариялап, келісімшартқа қол қою рәсімінен түскен фотосуреттерін бөлісті.
«Өмір бойы жанкүйер болған клубыммен келісімшартқа отырғанымды мақтан тұтамын», – деп жазды Кәрім Меңдіқанов.
Кәрім Оралдың тумасы. Ол бұған дейін Испанияның «Сан-Кугат» клубының академиясында доп теуіп, Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының намысын қорғап жүрген.