Алматы облысында 11 жастағы бала соқыр ішегіне жасалған отадан кейін, жағдайы күрт нашарлап, жарымжан болып қалған. Ата-анасы дәрігерлерді айыптаса, дәрігерлер қолдан келгенді жасадық деп ақталады.
Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Әтіргүл Тұрсынбекқызы, Бағдәулеттің анасы:
– Ойнағым келеді деп жылайды. Менің жаныма бәрі батады. Мұның шырылдаған даусы, мұның мына стомасы менің жұдырығымдай болып кеткенде, күн бұлтта шырылдағанда жанымды қоярға жер таппаймын. Аналгин, димедрол саламын, кетанаф беремін. Шамамның келгені сол.
Бағдәулет – көп балалы отбасында екінші бала. Ең кішісі бір жасар. Бір жылдан бері әкесі жұмыссыз, анасы ел аралап көмек сұрайды. Тапқаны – дәрі-дәрмекке жұмсалады. Бағдәулетке бір күнде 20-30 мың теңге жұмсалады екен. Ал отбасының жағдайы тым нашар. Кез келген көмекке мұқтаж.
Науқас баланың ауруы анықталмай ұзақ уақыт кетіпті. Сондықтан біресе жұқпалы аурулар ауруханасына, біресе облыстық балалар ауруханасына жөнелтілген. Ең соңында республикалық педиатрия институты мамандары ота жасап, баланың бүйірінен дәрет шығатын саңылау жасапты. Алғашқы ота жасаған аудандық аурухана мамандары қолдан келгенді істедік дейді.
Сырқаты асқынған Бағдаулет Қаскелең қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 3 рет жатқан. Ата-анасының айтуынша, бұл жерден де науқастың диагнозын дәл қоятын маман табылмапты. Бүгін де емдеу мекемесінен тілшілермен тілдесетін ешқандай құлық байқалмады. Ал баласы үшін бәйек болған ана Бағдаулеттің келесі отасына құжаттарын әзірлеп жатыр.