«Қашаған» кен орнында мұнай өндіруді биылғы қазанда жандандыру үшін жөндеу жұмыстары жеделдетілген қарқынмен жүріп жатыр.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.
– Ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспары шамамен 83 пайыздық деңгейде, шын мәнінде атқарылған жұмыс 87 пайызды құрап отыр. Экологиялық айыппұлдарға байланысты проблема болды, бірақ Сіз қабылдаған шешімге орай бүгінде бұл мәселе реттелді, – деді ол ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке қаратып айтқан сөзінде.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Қашаған жұмысын қазан айында нақты іске қосу мүмкіндігі жайында сұрады.
– Бүгінде атқарылып жатқан шаралар кен орнын іске қосу мүмкіндігін жақындатып отыр. Дегенмен жоспарлы мерзім басқа уақытта еді, – деді министр.
Отырыс барысында Кәрім Мәсімов кен орнындағы жағдаймен егжей-тегжейлі танысу үшін Қашағанға сапарын жоспарлады.