Қырғыз билігі «Йакын Инкар» діни ұйымы өкілдерінің әрекетіне алаңдайды

29 просмотров

Қырғызстандағы Қара-Құлжа ауданының милициясы «Йакын Инкар» діни ұйымының өкілдерін халық арасында рұқсатсыз уағыз жүргізгені үшін ұстады. Оларды Ош қаласындағы тергеу абақтысында әкімшілік хаттама толтырылған соң босатып жіберді.

Ош облысы ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Жениш Ашырбаеваның айтуынша, олар рұқсатсыз үгіт-насихат жүргізгені үшін ұсталған. «Жергілікті тұрғындар пәкістандық киім киген, қырынбаған күдікті адамдар туралы милицияға хабарлаған. Бір автокөліктегі адамдар Қытаймен шекаралас ауданның тұрғындарына діни уағыз жүргізген. Тексеру кезінде олар жеке куәліктерін көрсетпеді. Қазір олардың нақты қандай бағытта уағыз жүргізгені анықталып жатыр», — деді ол.

«Йакын Инкар» — Таблиғи Жамаат» діни қозғалысынан бөлініп шыққан ағым. Қырғызстанда бұл ұйымның қызметіне тыйым салынған. Дін өкілдері бұл ұйымның жақтастарының әлі күнге дейін жалпы ережелерді мойындамай жүргеніне наразы.

«Йакын Инкар» атауы араб тілінен аударғанда «Жаратушыдан басқаның барлығын мойындамау» деген мағына білдіреді. Бірнеше жыл бұрын осы қозғалысты жақтаушылар Ыстықкөл және Шу облыстарында, кейінірек Нарында пайда болды.

Ош қаласының тұрғыны Азамата Асатулла уулуның пікірінше, бұл ұйымның қызметіне тыйым салатын заң қабылдау қажет. «Олар халықты адастырып жүр. «Іңкәрлықтар» пайғамбар заманындағыдай өмір сүру керек деп, жұрттың бәрін теріс жолға салып келеді», — деді ол.

Загрузка...