Украиналық барлау: Ресей Қырымды әскери базаға айналдырды

50 просмотров

Аннексияланған Қырымда Ресей қарулардың жаңа жүйелері мен әскери техникаларын ораналастыра бастады. Ресей жарты аралды әскери базаға айналдырғысы келеді. Бұл туралы «5 канал» эфирінде Украина қорғаныс министрлігінің Бас барлау қызметінің өкілі Вадим Скибицкий мәлімдеді. Украина ядролық қару таситын әскери техникалардан қауіптенеді, деді ол.

Украиналық барлау мәліметі бойынша, Ресей сүңгуір қайықтарды, желкенді әскери кемелерді, зымырандық катерлерді көптеп әкеле бастады. Бұл техникалар соңғы үлгідегі зымыран кешендерін қолдана алады және әскери авиацияны күшейтеді. Олар Қырымда орналасқандықтан, Украинаның бүкіл аумағына соққы жасай алады.

Украина қорғаныс министрлігінің бас барлау қызметіндегілер Ресейдің ашық шабуыл жасау мүмкіндігін жоққа шығармайды және әскери техникалар мен қару-жарақтардың көшірілуін жіті бақылап отыр, деп мәлімдеді Скибицкий.

Сейсенбі күні украиналық барлау Ресейдің Донбасқа тағы да қару жеткізгені туралы хабарлады, олардың арасында Т-64 танктері мен БТР-лер бар. Бұған қоса, Горловка ауданында екі ресейлік радиолокациялық барлау кешені орналастырылды, делінген хабарламада.

10 тамызда Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі Қырымда терактының алдын алғанын мәлімдеді. Оны украиналық барлау ұйымдастырған деп хабарланды. Киев бұл айыптардың барлығын жоққа шығарып, оны ресейлік арнайы қызметтің арандатушылық әрекеті деп атады. Украина президенті Петр Порошенко Ресеймен аннексияланған Қырыммен шекарада әскери дайындықты күшейтуді тапсырды.

Загрузка...