Нұр-Сұлтан
Қазір
5
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Ресей Орта Азияда „гибридті соғыс„ жүргізуге ниетті ме?

211

«Мұндай жағдайда Ресей қатердің алдын-алу үшін қамдануы керек», – дейді Шойгу.

Орта Азия елдеріне посткеңестік кеңістіктегі елдермен қатар, Қазақстанның да кіретіні белгілі. Демек, бұл, Құдай бетін әрі қылсын, елімізде қандай да бір бүлік болса, Ресей оған араласуға қам жасайды деген сөз бе?..

Қиырдағы бір елдердің ішкі саясатына араласатын Ресей үшін Орта Азия не тәйірі?!

Дос Көшім

Дос Көшім

Саясаттанушы Дос Көшім бұл пайымды жоққа шығарамайды. Оның пікірінше, қиырдағы бір елдердің ішкі саясатына араласатын Ресей үшін Орта Азия не тәйірі?

– Мәскеу бізді Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) – тек экономикалық одақ деп сендіргісі келеді. Бірақ оның әскери-саяси одақ екенін осы сипаттағы мәлімдемелерден анық байқауға болады. Әр жерде бұрқ еткен бас көтерулерді сылтау қылған Ресей осы одақ аясындағы әскери және саяси ықпалын күшейтуге барын салып бағады. Шойгудың мәлімдемесін мен осылай түсінемін, – дейді саясаттанушы.

Жалпы, кез келген елдегі оқиға, тіпті, ол төңкеріс болсын, бұл сол мемлекеттің ішкі мәселесі.

Ал оған сырттан келіп араласуды интервенция деп атайды.

– Міне, сондай басқыншылықты алдын ала „жақсы түсінікпен„ жамап-жасқау үшін Ресей тарапынан аракідік осындай мәлімдемелер жасалады. Сөйтіп, міне, қауіп-қатер бар одақтастар сіздерге көмектеседі деп ақырындап келеді. Ал олардың бейбіт күштері қалай әрекет ететіндерін әлем жақсы біледі.

Мысалы, 1968 жылғы Прагаға да КСРО солай кірген. Тарихтан оның қалай қайғылы оқиғамен тынғанын біз жақсы білеміз. Содан бері КСРО әскері Чехословакия территориясынан 1991 жылға дейін кетпей қойды, – дейді Дос Көшім.

Саясаттанушы Қазақстанның ішкі мәселесіне араласуға Ресейдің қазірдің өзінде тетіктері бар екенін айтады.

– Біз әуе кеңістігімізді бірлесіп қорғайтын ЕАЭО аясындағы заңды қабылдап қойдық. Бұл — біріншіден. Екіншіден, бізде Ресейдің  әскери полициясы бар. Одан тыс, Қазақстанның әр аймағында жалға алған жерлерде әскери гарнизондары тағы бар, – дейді ол.

Сөз соңында, саясаттанушы

„Ресей ішкі мәселемізге араласқысы келсе, тіпті, қолдан бүлік ұйымдастыра салуға да барады, оларда „гибридті соғыс„ сынды тәжірибе бар„

– дейді.

Ресей одақтастарын әскери тұрғыда өзіне тәуелді ете түсуге мүдделі

Әзімбай Ғали

Әзімбай Ғали

Саясаттанушы Әзімбай Ғали Шойгудың бұл мәлімдемесін саяси билікке жасалған қоқан-лоқы деп түсінеді. Оның пікірінше, Ресей Қазақстанға бірінші рет доқ көрсетіп отырған жоқ. Сондықтан одан қорықпау керек.

– Қазір Ресейдің экономикалық ахуалы мүшкіл, саяси элитасының да беделі халық алдында түсіп барады. Сондықтан олар түрлі авантюраға барады.

Соның бірі — доқ көрсету тұрғысындағы немесе қамқоршылық сипаттағы мәлімдемелер.

Мысалы, Қазақстан төртаяқтап келіп, Ресейден көмек сұраса, Кремльдің беделі бір өсіп қалар еді. Әлемге де өзінің күшті екенін, кешегі одақтастарын әлі уысынан шығармағанын бір паш етер еді.

Осы жағынан алғанда, оларға Қазақстанда тұрақсыздықтың болғаны тиімді секілді. Өйткені, сондайда олар өздеріне деген әскери тәуелділікті күшейте алады, – дейді саясаттанушы.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз