ҰҚШҰ-ның әскері Сирияға орналастырылуы мүмкін. Бұл ұйымға мүше Қазақстан енді қайтеді?

436 просмотров

Ереванда жабық есік жағдайында өткен Ұлттық қауіпсіздік шарты ұйымында 20-дан аса құжатқа қол қойылды, бірақ оның біреуі де құпиялылығына байланысты ашып айтылмады. Алайда саммит Ереван үшін әбүйір әпермегендіктен, Арменияның кейбір ашуланған басылымдары ондағы бірқатар деректерді бергі жаққа алып шықты.

Сөйтсек Ресей Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскерін Сирияға орналастырғысы келеді екен.

„Лукашенко өте ашулы болды„ деп жазады Lragir Армения басылымы.

«Саммит дәлізінде тілшілер күбірлесіп, екі жағдайға қатысты кесімді күтті. Біріншісі — ҰҚШҰ күшін Сирияға орналастыру және екіншісі — Қарабахқа да әкелу.

Бірақ БҰҰ ҰҚШҰ-ны әскери блок деп танымағандықтан, бітімгершілік мандатын алу мүмкін болмаған, сондықтан да Ереванда президенттер бұл туралы мәлімдеме жасай алмады… Ал Лукашенко „Мұндай төмендетуден соң кез келген еркек үйленуі керек„ деп, осы мәлімдемесімен ҰҚШҰ-ны әлемде ешкім танығысы келмейтінін меңзеп айтты„ делінеді аталған басылымдағы мақалада.

Ресейге қазір қосалқы күштің артықтығы жоқ

Әзімбай Ғали
Әзімбай Ғали

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын Сирияға жұмылдыру туралы фактіні саясаттанушы Әзімбай Ғали да растайды.

— Саммит жабық есік жағдайында өтті. Онда ҰҚШҰ әскерін Сириядағы әскери іс-қимылға қатыстыру мәселесі қаралған секілді.

Қазір Ресей Сирия территориясында әскери базасын орналастырып қойған, зымыран ұшыратын нысандары мен бомбалағыш қосындары тағы бар. Әрине, қосалқы күштің артықтығы жоқ. Бұл — Ресейдің ойы.

Бірақ ол ұйымға мүше елдердің ұстанымы бөлек қой. Елбасы бұл реттегі ойын баяғыда кесіп айтқан. Біз ешқандай әскери операцияларға қатыспаймыз деп. Бірақ, шынымен қосымша күш керек болса, Ресей оған бізді мәжбүрлеп жіберуі ықтимал. Сондықтан бұл мәселені геосаяси ойыншылар міндетті түрде қадағалап отыратын болады.

Егер бұл мәселеде біз қандай да бір жылылық танытатын болсақ, онда, біріншіден, Батыстың санкциясына ілінуіміз мүмкін. Екіншіден, шетелде көптеген қазақстандықтардың шоттары бар. Олар ашық түрде жарияланып, тәркіленуі бек мүмкін.

Сондай-ақ саясаттанушы геосаяси ойындар әлі жалғастығын тауып жатқанын баса айтты.

— Жуырда ғана Украина Ресейге қатысты санкцияны ұзартты. Алдында Батыс пен АҚШ та солай еткен. Соңғы кездері Батыс жақтан Қазақстанға қатысты түрлі жағымсыз ақпараттар келіп жатыр. Ресей де белгілі бір деңгейде Қазақстанға қатысты ықпал тетіктерін пайдаланып бағуда. Сондықтан қазір біз екі өгіз сүйкенгенде, оның ортасында қалып қоймаудың амалын алдын ала қарастырып, үнемі сақ отыруға мәжбүрміз, — дейді Әзімбай Ғали.

Ресей Алеппода сунниттерді бомбалап жатыр

Ерлан Сайыров
Ерлан Сайыров

Саясаттанушы Ерлан Сайыров қазір Қазақстанға геосаясатта  нейтралитет позиция ұстанғаны тиімді деп санайды.

— Қазір дүниежүзіндегі геосаяси жағдай шиеленісіп тұр. Батыс елдерімен Ресей арасында текетірес күшейіп барады. Арты неге апарып соқтыратындығы белгісіз.

Мұндайда, әрине Қазақстан нейтралитет позиция ұстанғаны тиімді. Бұл тұрғыда Европада Швейцария, Түркменияның өзі үлгі бола алады.

Бұл мәселенің екінші жағы бар.

Ресейдің «террорист» деп айдар тағып бомбылап жатқан Алеппода 500 мыңға тарта бейбіт адам бар. Олардың барлығы сунниттер, бізге діни жағынан алыс емес азаматтар.

Еуразиялық Одақтың  берекесі кетіп тұр

Сондай-ақ саясаттанушы Еуразиялық Одақтың да жағдайының мәз емес екеніне тоқталды.

— Еуразиялық Одаққа келетін болсақ, қазір бұл одақтың берекесі кетіп тұр. Қазір Ресей мен Беларусь арасында газ бен мұнайға қатысты «соғыстар» болып жатыр. Қазақстан да бұл одақтың потенциалын толыққанды пайдалана алмай отырғаны бөлек, әуе жолы, темір жолы транзиті бойынша Ресей бізге артықшылық бермей отыр.

Енді Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы арқылы геосаяси ойынына Ресей бізді тартатын болса, оның арты не болары белгісіз. Мұндай кезде «әліптің артын баққан» жөн. Біздің басшылық осы мәселені жақсы түсінеді деп ойлаймын.

Еске сала кетелік, 14-қазанда Армения астанасы Ереванда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының саммиті өтті. Оған мүше елдердің президенттері бас қосты. Бірақ Елбасының салқын тиіп, сырқаттанып қалуына байланысты бұл саммитке Қазақстан атынан ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев қатысқан болатын.

ТМД кеңістігінде құрылған әскери блок — Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан енеді.

 

Загрузка...