Астанада бюджет қаражатын ірі көлемде жымқырды, көп жылдар бойы салық төлеуден жалтарды деген айыптар тағылып отырған Сейітқазы және Әсет Матаевтардың ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр.
Сейітқазы Матаев сот залында салық есебіндегі кемшіліктерін және оны төлеуден жалтарғанын мойындады деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Ұлттық баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігі ішіндегі ірі қаржы айналымын ескергенде, Сейітқазы Матаев заңды тұлғалардан Корпоративтік кіріс салығы бойынша кірістерді көрсетіп №100.00 салық есебі формасын, жоғарыда көрсетілген резидент емес заңды тұлғалардан корпоративтік кіріс салығы бойынша кірістер көрсетілген №101.04 салық есебі формасын және жоғарыда аталған жеке тұлғалардың кірістері көрсетілген 200.00 Салық есебі формасын тапсыруы тиіс еді. Алайда, айыпталушы табысын жасырып, салықтан босатылған коммерциялық емес ұйымдардың – №130.00 салық есебі формасын тапсырып келген.
Бүгін сот отырысы кезінде айыпталушы салықтан жалтарғанын мойындап, өткен жылы қаза тапқан өзінің бас көмекшісі Александр Кимасовқа кінә артып, ақталды.
«Барлық бухгалтерлік істермен Александр Кимасов айналысты. Мен №130.00, 100.00, 101.04 формаларын тапсыру керектігін білмедім. Салық істерінде кемшіліктер болғанын мойындаймын», – деді Сейітқазы Матаев.
Еске сала кетейік, Александр Кимасов 2015 жылы 21 қыркүйекте Мәскеуде көз жұмды.