Сапарбаев: «Жастардың салафилер қатарына өтуіне имамдар кінәлі»

57 просмотров

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Аңсар» ақпараттық-сараптама клубында теологтар және имамдар мен өткізген кездесу барысында осындай тапсырма берді. Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» орталығы хабарлады.

Өңір басшысы мешіттер мен діни орталықтарда ақпараттық-насихаттау жұмыстарының әлсіз жүргізілетінін атап өтті.

Оның айтуынша, құқық қорғау органдарының қызметкерлері діни қауымдастықтарды есепке алып, талдау жұмыстарын жүргізбейді. Әсіресе, жастармен жүргізілетін жұмыстар баяу болғандықтан, салдарынан жас балалар экстремистік топтардың құрығына түсіп жатады.

Осындай әрекеттердің тағыда қайталанбауы үшін Бердібек Сапарбаев арнайы жұмыс тобын құрған болатын.

-«Кезінде 2011 жылы болған оқиғадан сабақ алынбады. Егер де сол кезде-ақ тиісті шаралар қолданылғанда мұндай келеңсіз  оқиға қайталанбас еді»,- деді облыс әкімі.

Жұмыс тобының құрамына имамдар, теологтар мен ғалымдар кірді. Бұлар қоғамдағы барлық жәйттерді етене білетін және халықпен жиі кездесіп тұратын адамдар болулары керек.

Олар бір айдың ішінде барлық жұмыстарды жасап, қандай олқылықтар жіберілгендігі және осыған ұқсас оқиғаларды  болдырмау үшін қандай шаралар қолдану керектігі туралы нақты қорытынды шығарулары тиіс.

-«Егерде біз жуырда орын алған оқиғаларды тағыда қайталар болсақ, халық алдында жауапты боламыз. Осы бағыттағы жұмыстарды тиімді ету үшін күшімізді жұмылдыруымыз қажет,- деді Бердібек Сапарбаев.

Жұмыс тобының жетекшісі Асқар Шерияздановтың айтуынша, құрылған топ өңірде орын алған аталмыш жағдайдың туындау себептерін анықтаумен айналысады. Тапсырманың түйінін шешу үшін әр ауданда жұмыстар жүргізіп, халықпен кездесетін теологтар орталықтан тартылмақ.

Бұдан өзге, діни ағымдарды ұстанушылардың арасында тест-сауалнама, әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі. Сонымен қатар, имамдардың қызметі мен мешіттерге мониторинг жасалады. Олардың қорытындысы бойынша алдағы уақытта жұмысты күшейтуді қажет ететін нақты бағыттар айқындалады.

Загрузка...