Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан ХХХІ Олимпиада ойындарында ұзындыққа үш қарғып секіруден өнер көрсеткен Ольга Рыпакова Қазақстан құрамасының қоржынын кезекті жүлдемен толықтырды, – деп хабарлайды 365info.kz тілшісі.
Ақтық сайысқа 8 жеңіл атлет шыққан болатын. Жерлесіміз бірінші мүмкіндігінде 14,73 метрді бағындырып, үздіктердің қатарына қосылды. Төртінші мүмкіндігінде Ольга 14,98 метрге секіріп, осы маусымдағы жеке көрсеткішін жақсартқанымен, Рио Олимпиадасының қола жүлдесін қанағат тұтуға мәжбүр болды. Сөйтіп, жерлесіміз, өкінішке қарай, 2012 жылы Лондонда олимпиадасындағы жетістігін қайталай алмады.
Естеріңізге салсақ, Ольга Рыпакова осымен үшінші Олимпиадасына қатысып отыр. Шығысқазақтандық спортшы үш қарғып секіруден Лондон Олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері және әлем біріншілігінің жеңімпазы.
Қазіргі таңда қоржынына сегіз медаль салған Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 16-шы орынға табан тіреді. Команда активінде – 2 алтын, 2 күміс, 4 қола бар.