Ректор істі болған ба?

60 просмотров

Өткен аптада ғаламторда Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің басшысына қатысты жайсыз хабар таралды.

Онда былай делінген:

«М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің ректоры Жұмахан Мірхалықовқа қатысты қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікпен қылмыстық іс қаралуда. 2016-жылдың 28-маусымында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ұлттық бюроға Тараз қаласының тұрғынынан арыз түскен.

Онда ОҚМУ-дің ректоры мен тағы басқа адамдар өз қызметтерін асыра пайдалану арқылы тендердің қорытындысын оң шешіп беру үшін жеке және заңды тұлғалардан 2012-2016-жылдар аралығында пара алған, сонымен бірге  университеттің жатақханасын заңсыз жекешелендіру арқылы мемлекет мүлкін талан-таражға салған деп айтылады».

Бүгінде бұл іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр екен.

Біз ел аузындағы сөздің анық-қанығын білу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның облыс департаментіндегі жауапты мамандарға хабарластық.

Бірақ ол жердегілердің бірі: «Тергеу құпиясына байланысты бұл мәселе туралы әзірге ештеңе айта алмаймыз» деді, өз есімін атамауымызды өтінді. Тіпті әлеуметтік желілерде жүрген мәліметтің ресми еместігін айтып, оны жіберілген хаттарға жауап беру барысында тарап кеткен мәлімет деген сыңай білдірді.

Ал біз байланысқан университет қызметкерлері өздері хабарласқанымен басшыларының телефонды көтермей жүргенін айтты, оның қазір қамауда еместігіне сенімді екендіктерін жасырмады. «Ол кісі ондай ұсақ-түйекке баратын адам емес еді, кім біледі, сыртынан біреулер бірнәрсе ұйымдастырып жүрмесе…» – дегенді де айтып қалды.

Қысқасы, ОҚМУ-дің ректоры Жұмахан Мірхалықовқа қатысты сөз көбейіп тұр. Құзырлы орындар бұл мәселенің анық-қанығын көп ұзамай айтар деген ойдамыз.

Дереккөз: «Замана» газеті

Загрузка...