Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
3
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Рақымшылық билікке ұпай әпере ала ма?

122

Ерлан Сайыров, саясаттанушы:

– Рақымшылық — гуманитарлық акт. Бұл – ізгіліктің белгісі. Оны көп мемлекет тәжірибесінде қолданады. Сондықтан Елбасының рақымшылық жасау туралы ұсынысын толықтай қолдаймын.

Тағы бір жағынан, Қазақстан дүниежүзі бойынша адамдарды қайта тәрбиелеу орындарында көп отырған мемлекеттер тізіміне енеді. Бұл Қазақстан заңнамаларының кейбірі халықаралық стандартқа сай емес екенін көрсетеді. Демек, бізде әкімшілік жаза қолданылуы тиіс адамдар кейде қылмыстық баппен сотталып жататынын байқатады.

Осы жағынан алғанда, жаза басып, әкімшілік деңгейде жазаланатын бұзықтықтар бойынша сотталғандарға рақымшылық беру керек деп ойлаймын.

Екіншіден, Қазақстанда қоғамдық резонанс туғызған істер болды.

Мысалы, әкелі-балалы Матаевтарға, батыс өңірде жер дауына қатысы бар деген Мақсат пен Талғатқа, діни көзқарасы үшін айыпталған Саят Ыбырайға рақымшылық жасалса, бұл қоғамның сұранысына жауап бергендік болар еді.

Рақымшылық тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын қорытындылап, жаңа белеске көтерілуі үшін жасалып жатқанын ескерсек, оның символикалық сипаты бар деп айта аламыз.

Рақымшылық болса, нағыз сауда болады

Дос Көшім

Дос Көшім

Дос Көшім, саясаттанушы:

– Мен жалпы мерекелі даталар қарсаңында, кісінің атын шығару үшін жасалатын рақымшылық дегенге түбегейлі қарсы адаммын. Құқықтық мемлекет болған соң заң бәріне ортақ, ол орта жолдан бұзылмауы тиіс.

Тағы бір жағынан, сот үкімін бұзу заңсыз жеңілдік жасау секілді көрінеді. Сондықтан ондайға менің жаным қас. Жаза берілді ме, ол толықтай өтелуі тиіс.

Әсіресе, бізде рақымшылық берілсе, оны құқыққорғау саласы өз пайдасына ұтымды пайдалануға тырысары сөзсіз. Яғни, нағыз сауда болады, бұл осы саладағы сыбайлас жемқорлықты үдетеді. Ондайда шындығында да рақымшылық жасалуы тиіс адамдар шетте қалып, нағыз қылмыскерлердің, әсіресе түрмеге әрең тыққан ықпалды адамдардың шығып кету қаупі өте жоғары. Мұндайда билік ұтылады.

Әлі есімде. Бала кезімізде пәленшенің амнистиясы кесірінен көшеге шыға алмай қалдық дегенді естіп едім.

Иә, 60-жылдары Хрущевтің кезінде рақымшылық жасалып, бандиттер қаптап кетіп еді.

Сондықтан сөзді көбейтпей, осы рақымшылық дегеннің бізге қажеті жоқ деп санаймын.

Саяси тұтқындардың жазасы жеңілдетілсе ғана бұл рақымшылық биліккке саяси дивидент әкеле алады

Айдос Сарым

Айдос Сарым

Айдос Сарым, саясаттанушы:

– Еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын тойлайық деп жатырмыз. Бұл – осы кезеңде не бітірдік, нендей жетістікке қол жеткіздік, қандай қателікке бой ұрдық дегенді ой елегінен өткізетін дата. Осы сауалдардың жауабын бір қорытындылап алсақ, еліміз жаңа белеске жаңаша серпіліспен көтерілер еді.

Осы тұрғыда рақымшылық тазару дегенді де білдіреді. Артта өкпе мен реніш, қателік пен өкініш қалдырмайық, оның жігін жатқызып, бір реттеп алсақ жақсы болар еді. Әрине, кішігірім бұзақылықпен отырғандарды босатсақ жақсы.

Сонымен қатар саяси астары бар іске ілінген адамдарды,

мысалы Шаңырақ оқиғасына қатысты Арон Атабекті, діни көзқарастағы Саят Ыбырайды, Мұхтар Жәкішевті, Талғат пен Мақсатты босатса, бұл, меніңше, үлкен жетістік болады.

Өйткені ол қоғам мен билік арасындағы байланыстың жаңа бір деңгейге көтерілгенін айқындап, 25 жылдан кейінгі дамуда саясаттың қоғам мүддесімен санасуға көшкенін білдіретін белгі ретінде билікке саяси ұпай әкелер еді.

Еске сала кетелік, Қазақстанда тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойында рақымшылық жарияланып, 16  мың 187 адам амнистияға ілінген.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз