Омбыдан келген қандас Бурабайдан қонақ үй ашты

42 просмотров

Бурабай кентінде тұратын кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша несие алып, курортты аймақта қонақ үй кешенін ұйымдастырды.

Бұл туралы BNews.kz хабарлайды.

2006 жылы Ресейдің Омбы қаласынан атамекеніне оралған Бақытжан Құсайынов Бурабайдан жер учаскесін алды. Отбасымен екі жыл бойы оны абаттандырумен айналысты.

— Айнала үйілген қоқыс болатын. Оны тазалап, өзіміз тұратын шағын үй салып алдық. Ал 2008 жылы өз қаражатымызға киіз үй тігіп, халыққа қызмет көрсете бастадық, – дейді кәсіпкер.

Осылайша, бұрын бос жатқан жерде біртіндеп ағаш үйлер пайда бола бастады. Алайда олардың іші-сыртын тап-тұйнақтай ету үшін қосымша қаражат қажет болды. Осы кезде ол банктен несие сұрағанымен, құжат рәсімдеу кезінде кедергілер пайда болады.

Аймақтық кәсіпкерлер палатасының Бурабайдағы филиалына Бақытжан Құсайынов биылғы қыста өтініш жасаған. Мамандар оған мемлекеттік қолдаудың тетіктері жайлы кеңес беріпті.

Ақмола облыстық Атамекен кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің жетекшісі Әсел Сыздықованың айтуынша, кәсіпкер «Бизнес-кеңесші-1» бағдарламасы бойынша білімін жетілдірген. Сондай-ақ кеңестердің және жобаға жасалған қолдаудың арқасында «Бизнестің жол картасы-2020» аясында үш миллион несие алып отыр. Қаражатқа коммуникациялар жүргізіліп, қажетті жиһаз және қондырғы сатып алынды.

Бүгінде «Омбылық» деп аталатын қонақ үй кешені алғашқы келушілерін қарсы алуда. Кешенде монша, балалар алаңы бар, әрі жағажайға жақын орналасқан.

Загрузка...