„Құнанбай„ фильмі Қазанда өтетін мұсылмандар киносының фестиваліне қатысады

37 просмотров

«Құнанбай» фильмі 5-11 қыркүйек аралығында Қазанда өтетін ХІІ Қазан халықаралық мұсылмандар киносының фестиваліне қатысады.

Бұл туралы Қазақфильмнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, ҚазАқпарат хабарлады. Картина режиссері — Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Досхан Жолжақсынов.

«Құнанбай» фильмінде 1804 жылы Семей облысы, Шыңғыстау ауылында туған Құнанбай Өскенбайұлының тағдыры баяндалады. Ол қара қылды қақ жарған әділ би болған, оның ұлы Абай өз шығармаларымен Қазақстанды және қазақ халқын әлемге танытты.

ХІІ Қазан халықаралық мұсылман киносы фестиваліне қатысу үшін 50 елдің режиссерлері мен продюсерлерінен 700-ден астам өтініш келіп түскен, ал конкурстық бағдарламаға әлемнің 33 елінен ойын, документалды және анимациялық 60 фильм іріктелді.

Қазақстандық картинамен қатар, сайысқа Ресей, Иран, Қытай, Сербия, Араб әмірліктері, Қырғызстан, Бангладеш, Малайзия елдерінің картиналары қатысады.

Конкурстық бағдарламадан бөлек, көрермендерді конкурстан тыс бағдарламалар күтеді. Фестиваль аясында кино қайраткерлерімен шеберлік сағаттары, фестиваль қатысушыларымен шығармашылық кездесу, кино өнерінің өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстелдер, баспасөз конференциялары өтеді.

Конкурстық бағдарламада қазылық ететіндер: режиссер, сценарист, продюсер Сыддық Бармак (Ауғанстан/Франция), режиссер, кинооператор Осман Сапаров (Түркменстан), режиссер, сценарист Юсуп Разыков (Өзбекстан/Ресей) және кинооператор Валерий Севастьянов (Татарстан). ХІІ Қазан халықаралық мұсылман киносы фестиваліндегі әділ қазы алқасының төрағасы — танымал кинорежиссер, Ресей халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Александр Прошкин.

Бүгін қазақтың ұлы ойшылы, дана Абай Құнанбайұлының туған күні екенін еске сала кетелік. Елімізде Абай атында қала, аудан, Семей, Қарқаралы қалаларында, Жидебайда әдеби-мемориалдық мұражайлар бар. Астанада, Алматыда және тағы басқа да қалаларда театрларға, көшелерге ақын аты беріліп, ескерткіштер орнатылған.

Абай атындағы шың, асу бар. Сонымен қатар, Абай қоры жұмыс істейді. Фильмдер, көркем шығармалар, зерттеулер жазылған. Қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезовтың бас кітабы — «Абай жолы» ұлы ақынға арналған. Бұл эпопея дүниежүзі халықтарының 116 тіліне аударылған.

Загрузка...