Нұрлан Нығматулин Финляндия Парламенті басшысымен кездесті

13 просмотров

Парламентаралық үнқатысуды нығайту — Қазақстан мен Финляндия арасындағы жан-жақты ынтымақтастық пен өзара сенімнің және халықаралық дипломатияның маңызды бөлігі. Бұл жайында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Финляндия Республикасына ресми сапары барысында мәлімдеді.

Хельсинки қаласында қазақстандық мәжілісмендер Финляндия Парламентінің Спикері Мария Лохеламен келіссөздер жүргізіп, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-финдік парламентаралық комиссия жетекшілерімен кездесіп, «Отаниеми» технопаркіне барды, деп хабарлайды ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының баспасөз қызметінен.

Н. Нығматулиннің айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы ауқымды реформаларын жүзеге асыру бағытында финляндық әріптестердің инновациялық дамуды заңнамалық қамтамасыз ету, білім саласын жетілдіру, ақпараттық-коммуникациялық технологияны дамыту, ғылыми және іскер ортамен ықпалдастық саласындағы тәжірибелері өте маңызды.

М. Лохеламен әңгіме барысында Мәжіліс Спикері екіжақты қарым-қатынасты тұрақты нығайту жолындағы өзара байланыс өте жоғары деңгейде қарқын алып келе жатқанын атап өтті.

М. Лохела өз кезегінде қос мемлекеттің әріптестігін жоғары бағалай келе, парламенттік комитеттер арқылы ықпалдастықты арттыра түсуге ынталылық білдірді.

Мәжіліс Төрағасы халықаралық парламенттік ұйымдар аясында күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің шешімін табу жолында да күш-жігерді үйлестіруге дайын екендігін білдірді.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және келер жылы Финляндия тәуелсіздігінің 100 жылдығы, сонымен бірге, дипломатиялық қатынас орнағанына 25 жыл толатын атаулы күндерді алға тартқан Мәжіліс Төрағасы әріптесін біздің елімізге ресми сапармен келуге шақырды.

Дереккөз: Қазақпарат

 

20161021105128

 

Загрузка...